«Қазақ үні» газетінің жазуынша, 4 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Ислам Әбішевке қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының мерзімін ұзартуын санкциялау бойынша сот отырысы өткен.
– Мені үйқамаққа шығармай, түрмеде ұстауға негіз жоқ деп есептеймін. Біріншіден, бұрын тергеу амалдарына ықпал етеді деп сескенсе, қазір тергеу ісі толық бітті, енді ондай қауіп жоқ десек те болады. Екіншіден, мен зейнет жасындамын және денсаулығым күннен күнге қиындап барады. Мен қамауда отырған төрт айға жуық уақыттан бері прокуратураға бірнеше рет арыз жаздым. Ешқандай нәтиже жоқ. Мен түрмеде екі рет инфаркт алып, жедел жәрдем шақыртылды. Біріншісінде ес-түссіз екі сағаттай уақыт жаттым. Менің денсаулығымды тексерту үшін дәрігерге екі рет алып барды. Біріншісінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Ұлттық бюросының полковнигі бастап, бес күзетші тар бөлмеде дәрігер қыздың төбесінен төніп тұрып, есін шығарып жіберді. Сонымен қоймай, біз сыртқа шыққасын әлгі полковник дәрігерге қайта кіріп, 15 минуттай сөйлесіп шықты. Екінші келгенімізде де дәл солай болды. Мен мұны дәрігерге қысым жасалды деп санаймын. Мені үйқамаққа шығаруға қарсы тергеушілер тобы оған негіз жоқ деп жалтарады. Дәрігерлер тек менің денсаулығым туралы анықтама береді. «Үйқамаққа шығарылсын» деген анықтаманы ешқандай дәрігер бере алмайды. Бұлардың бұлай қысым жасай отырып, нені талап етіп отырғандары белгілі. Мені «Пара алуға оқталды» деп айыптаушылар «жасадым, мойындаймын» деп, істемеген істің бәрін мойныма алып, қос қолымды көтеріп шығуымды күтіп отыр. Ол болмайды, мен істемеген істі – жасамаған қылмысты мойныма алмаймын.
Үшіншіден, мен Су ресурстар комитетін басқарып тұрғанда мемлекеттік бағдарламадан триллион теңгедей орасан қаржы үнемдеп, мемлекетке қыруар пайда әкелген басшымын. Яғни, менен пайда болмаса, зиян келмейді мемлекетке. Мені қашып кетеді деп күдіктенулеріңіздің де жөні жоқ. Осында сотқа қатысып отырған туыстарым да, мені жақсы білетіндердің бәрі де маған кепіл бола алады, – деген сотта Ислам Әбішев.
Алайда сот өтінішті қанағаттандырмаған. Ислам Әбішевтің осы уақытқа дейін қамауда ортырғанын және тергеу амалдарының ұзаққа созылғанын айыпталушының осы уақытқа дейін өзіне тағылған айыптарды мойындамағанымен байланыстыруға болады. Ертең сотта да мойындамаса ше?
Заң бойынша сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындауға міндетті емес. Міндеттісі – айыпты дәлелдеу.
Рейтинг газеті