Әкімдер келеді, әкімдер кетеді...

Қысқаша

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан, қала әкімдері арасында ауыс-түйісті бастағанын біз өткен нөмірімізде жазған едік. Осы аптада Ордабасы мен Шардара ауданының әкімдері жаңарды.

66647673_2236438519805808_2283801872705781760_n.jpg

Түркістан қаласын бір жылдай басқарып, өткен аптада орнын Рашид Аюповқа босатып берген Әліпбек Өсербаев Ордабасы ауданының әкімі болып тағайындалды. Ә.Өсербаевтың құрылыс саласында тәжірибесі мол. Осыған қарап кейбіреулер оны облыста құрылысқа жауапты басқармалардың біріне басшы болып баруы мүмкін деген еді. Алайда жұрт іскер деп мақтайтын Әліпбек Шәріпбекұлына тағы да әкімдік қызмет бұйырды.

 

Жалпы Ордабасы облыста өнеркәсібі де, ауыл шаруашылығы да дамыған аудандардың бірі саналады. Дегенмен кейінгі кездері ауданда әкімнің тұрақтамай жүргені рас. Аймақтың дамуы облыс басшыларының көңілінен шықпай жүргені рас. Әкімдік қызметте тәжірибесі мол Әліпбек Шәріпбекұлы осы олқылықтың орнын толтырады деген сенімдеміз.  

 

Ордабасыға бұған дейін әкім болған Қайрат Жолдыбай бұл қызметке биыл ақпанда, сол кездегі облыс басшысы Жансейіт Түймебаевтың өкімімен тағайындалған еді. Әкімдердің командасындағы  ең жас шенеунік  бұл қызметті бар-жоғы бес ай ғана атқарыпты. Бес ай шенеуніктің бойындағы қарым-қабілетті көрсетуге жететін уақыт па? Осы орайда Кентау қаласын әкімі қызметіне Түймебаевтың тұсында тағайындалып, арада 2-3 ай өткенде Шөкеевтің өкімімен орнынан алынған Ғани Рысбеков еске түседі. Әкімдер келеді, әкімдер кетеді. Біреуі ерте, біреуі кеш. Бұл да өмірдің заңы... Бір айта кетері, Ордабасыға бұл жолы әкім тағы да сырттан келді.

 

Облыс басшысы Қайрат Жолдыбайды қызметсіз қалдырған жоқ. Ол өзінің туған жері Шардара ауданына әкімі болып барды. Қайрат Жолдыбай – Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлегі. Еңбек жолында 2003 жылы Білім және ғылым министрлігінде, Қаржы министрлігінде істеген. Одан кейінгі жылдары Шардара ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарған.

 

Аудан, қала әкімдерінің ішінде ұзақ уақыт бойы бір орында тұрақтап қалған Шардараның экс-әкім Болатбек Қыстауовтың қайда барары белгісіз.

 

Рас болса, алдағы күндері тағы екі-үш ауданның әкімі жаңаратын көрінеді. Ауыс-түйіс облыс әкімі аппаратында да  болуы мүмкін. Облыста кем дегенге үш басқарма басшысының орны бос тұрғанын да айта кетейік.

 

Рейтинг газеті