Тоқаев пен Көшербаевтың қызметтік жолы бұған дейін түйіскен. Тоқаев 1999 жылы премьерлік тізгінді қолға алған кезде Қырымбек Көшербаев білім және ғылым министрі қызметін атқарған. Оның үстіне Көшербаевтың аппарат басқарудағы тәжірибесі де жетіп артылады. Ол бір кездері Үкімет аппараты жетекшісінің орынбасары болып істеген. Қалай алып қарасаңыз да Көшербаев тәжірибесі мол, көргені көп кадр. Бірақ зейнет жасынан асқан оны Президент әкімшілігінің жетекшісі болады деп ешкімнің күтпегені анық. Көшербаев бұл қызметте ұзағырақ отыруы мүмкін.
Бауыржан Байбек те көптің үмітін «ақтамады». Алматы төрт жыл басқарған Байбектің осындай ауыс-түйіс науқанында ат ауыстырғанына таң қалуға болмайды. Естеріңізде болса, Бауыржан Байбек бұған дейін сарапшылардың болжамында президенттің орнын басуы мүмкін кандидаттардың қатарында аталатын. Мұндай әңгімелерге Байбектің президенттің сыныптасының ұлы екендігі де өзіндік әсерін тигізген шығар. Байбектің ендігі қызметтік сатысы вице-премьер немесе президент әкімшілігінің басшысы болуы тиіс сияқты еді. Тоқаевтың командасынан оған ешқандай орынның бұйырмай қалғанын немене байланыстыруға болады? Байбектің қарым-қабілетін Президенттің оншалықты бағаламағаны ма?
– Бауыржан Байбек «Болашақ» бағдарламасының түлегі. Дипломатиялық қызметте, Президент әкімшілігінде жұмыс істеген. Оның Алматы қаласының әкімі қызметін жұртшылық өте жақсы бағалады,–деді Елбасы Байбекті «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары лауазымына тағайындау барысында.
Бауыржан Байбек 2013-2015 жылдар аралығында бұл қызметті бір рет атқарған. Екінші қайтара келуі оған Елбасының ерекше сенім білдіретінін байқататын сияқты. Партия төрағасының бірінші орынбасары лауазымын бұған дейін атқарған Мәулен Әшімбаевтың енді нендей қызметке барары белгісіз.
Ал Алматының әкімі болған Бақытжан Сағынтаев осыдан екі-үш ай бұрын ғана Президент әкімшілігінің жетекшісінің креслосына отырған еді.
Рейтинг газеті