Оған дәлел ретінде жақында ұйымдастырылған «Shymkent ATP Challenger» сериясы бойынша теннистен өткен халықаралық турнирді айта аламыз. Жарысқа 25 елден келген 100 шақты теннисші қатысқан. Олардың арасында әлемдік ТОП-100 рейтингіне кірген спортшылар да бар. Осылайша шымшаһар xалықаралық деңгейдегі спорт ойындарының орталығына айналуда. Аталған сайыста Қазақстан командасының құрамында Андрей Голубев, Александр Недовесов, Денис Евсеев, Достанбек Ташбулатов, Григорий Ломакин, Тимофей Скатов және Тимур Хабибулиндер өнер көрсетті.
Бұдан кейін нысана көздеуден Қазақстан Спартакиадасы жалғасып, Пневматикалық тапанша қолдануда Ирина Локтионова, Никита Чирюкин есімді жерлестер алға шықса, винтовкамен нысана көздеуде Елизавета Король мен Юрий Юрков жақсы өнер көрсетті. Ойын нәтижесінде 15 алтын, 11 күміс және 9 қола жеңіп алған Шымкент қаласының командасы жалпы есепте көш бастады.
Шымкенттіктер мемлекеттік маңызы бар мейрамдарды дәріптелуінде үнемі белсенділік танытады. Жыл сайын маусымның басында Тәуелсіздік саябағында ҚР Мемлекеттік рәміздері күні салтанатты түрде аталып өтіледі. Биыл 27 жылдан бері атап өтіліп келе жатқан рәміздер күнінде қалалықтар бұл ресми мерекенің маңызы қашанда үлкен екенін байқатты.
Мемлекеттік ту, елтаңба және әнұран мемлекеттің негізгі рәміздері саналып, 1992 жылы 4 маусымда алғаш рет бекітілген. Осы жылы суретші Шәкен Ниязбеков салған мемлекеттік ту таңдалды. Елтаңба – екі танымал сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың еңбегінің жемісі. 1992 жылы республикамыздың әнұраны әуені мен мәтініне конкурс жарияланды. Тұңғыш Қазақстан әнұран әнінің авторлары – Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский мен Латиф Хамиди еді. 2006 жылы жаңа «Менің Қазақстаным» жаңа Әнұранға айналды. Шәмші Қалдаяқов, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев авторы деп танылған бұл әнұран халықтың санасына сіңіп кетті. Жалпы, елдің елдігін айғақтайтын мемлекеттік рәміздер күні жыл сайын оңтүстікте дәстүрлі түрде аталып өтіледі.
Рейтинг газеті