«Shymkent Bus» – сапалы қызмет

Қысқаша

Қала халқы санының көбеюіне орай, тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін бүгінде түрлі игі шаралар қолға алынуда. Соның бірі – ел игілігіне берілген жаңа муниципальды автобус паркі.

64455710_2354826634565595_8608701859621765120_n.jpg

Мереке қарсаңында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов автобус паркінің аумағын аралап көрді. Еліміз бойынша үздік жоба деп танылған мұнда  ЖМС, сервистік орталық, автожуу қызметі қарастырылған. Оған қоса, жатақхана, медпункт және жүргізушілерге арналған асханасы да бар. Жаңа паркте енді жұмыс қызу жүреді. Әзірдің өзінде мұнда Қазақстанда құрастырылған 300 жаңа автобустың 160 данасы әкелініпті. Қалған 140 автобус шілдеде жеткізілмек. Олар салқындатқыш, пандус, бейнекамера, жолаушылар ағынының датчигі және GPS-трекермен жабдықталған. Автобустардың жалпы сыйымдылығы – 56 адам, ұзындығы – 8,5  метр.

 

– Қаладағы шешімі қиын мәселенің бірі осы қоғамдық көліктер еді.  Жыл аяғына дейін қосымша 700 автобус жеткізіледі, – деген қала әкімі қоғамдық көлік саласын реформалау басталғанын айтты.

 

№138, 153 бағыттарда жолаушы тасымалдайтын автобустар жолға шықты. «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ бұл жобаның операторы болса, «БРК-Лизинг» АҚ мен «Сарыарқа Авто Пром» АҚ әріптестік танытқан. Сондай-ақ, жаңа автобуска мінетін жолаушылар көп ұзамай жолақысын «Оңай» электрондық жүйесі арқылы төлейді. 

 

Жалпы, қалалықтар заманға сай жаңа технологияларды меңгеруде жақсы нәтиже көрсетуде. Оған елімізде мемлекеттік қызметтер ұсынатын телеграмдағы EgovKzBot жобасына жыл толып, 17 мың қалалық тұрғын  мемлекеттік қызметті Telegram арқылы пайдаланғаны дәлел бола алады. Тұрғындарға бұл ретте 47 мыңнан аса қызмет түрі көрсетілген.

 

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының баспасөз хатшысы Алтынай Татаеваның айтуынша, бүгінде шаһар халқы үшін боттағы қызметтер мен сервистер саны 25-ке жуықтаған. Оны қолданушылар жақын жердегі ХҚО-да кезек брондап, өзін борышкерлер тізімінен тексере алады. Тұрғындарға қажетті деген наркологиялық, психоневрологиялық, туберкулезге қарсы диспансерлер есебінде тұрмайтыны туралы анықтамалар осы орталықтарда беріледі. Әрі дәрігер қабылдауына онлайн түрінде жазыла алады. Бот арқылы анықтамаларды бір минуттың ішінде алып, керекті электрондық поштаға жолдауға да болады.

 

– Тұрғындар керек анықтамасын ХҚО-ға бармай-ақ ала алады. EgovKzBot Telegram ботының тұрақты пайдаланушысы болу үшін азаматтар тек бір рет мобильдік азаматтар базасында тіркелуі қажет. Мұны egov.kz электронды үкімет порталының жеке кабинетінде немесе кез келген ХҚО-да жасауға болады, – дейді Алтынай Татаева.

 

Рейтинг газеті