Тоқаев күшті президент болуға уәде берді

Қысқаша

Тоқаевтың бес жылдық президенттік мерзімі басталды. Кешегі күні Президент халыққа ант берді.

Токаев.jpg

Ұлықтау кезіндегі рәсімдік шараларға 5-10 минуттай ғана уақыт кетті. Есесіне Тоқаев баяндамасын ұзақтау жасады.

 

Президент:

 

-Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз.  1 қыркүйекке дейін жемқорлықтың деңгейін мейлінше төмендетуге бағытталған реформалар топтамасы дайындалады. Жемқорлық мемлекеттің дамуын тежейтін кесел. Бұл қоғамдағы өзара сенімге, жалпы мемлекетіміздің қауіпсіздігіне қатер төндіретін құбылыс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі жұмыс жүргіземіз, - деді.

 

Тоқаев сонымен бірге елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарын да атап өтті.

 

-Бірінші бағыт - халықтың табысын арттыру. Тұрақты және қарқынды экономикалық өсім арқылы ғана бұл мәселені шешуге болады. Ең алдымен, өсім бізге не үшін қажет екенін терең түсінуіміз керек. Азаматтарымыз өз елінде алаңсыз өмір сүріп, еңбек етіп, ұрпағын тәрбиелеп, халқымыздың жетістіктеріне бірге қуанып, мақтан тұтуы үшін экономикалық өсім болуы тиіс. Таяу арада Үкіметтің кеңейтілген отырысында біз еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы нақты міндеттерді айқындаймыз. Президент ретінде мен үшін экономикалық дамудың жалпы цифрлары емес, халқымыздың нақты игілігі маңызды. Сондықтан стратегиялық мәселелер бойынша шешім қабылдарда халықтың пікірі назарға алынады.  Біздегі мемлекеттік билік формуласы - күшті әрі өкілетті Президент, беделді және әрекетке бейім Парламент, халыққа есеп беруге міндетті Үкімет. Дәл осындай саяси жүйе күрделі геосаяси ортадағы мемлекетіміздің қажеттіліктеріне сай келеді, алдымызда тұрған стратегиялық міндеттерді атқаруға көмектеседі, - деді Мемлекет басшысы.  

 

 Президент елдегі жолдардың сапасын жақсартуға, таза ауызсудың әрбір үйде болуына міндетті екендігін айтты.

 

Сайлаудан кейін Алматы мен Нұр-Сұлтанда болған наразылықтар қоғам тұрақтылығына баса назар аударуды қажет еткен сияқты. Тоқаев елде тағы бір Кеңес құрылатынын мәлім етті.

 

-Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру жөн деп шештім. Оның құрамына барлық бірлестік өкілдері мен жастар енеді. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы осы жылдың тамыз айында өтеді. Билік халыққа берген барлық уәдесін орындауы тиіс, - деді Президент.