Елде Президент ауысса да Түймебаевтың басшысы ауысқан жоқ. Себебі Н.Назарбаевтың президенттіктен кетсе де Ассамблеядағы төрағалығынан кетпегені белгілі. Елбасы бір кездері өзіне көмекші болған Түймебаевты отставкіге кетердің алдында өз қарамағына ауыстырып алды.
Кездесуде Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Ассамблеяның қазіргі қызметі және ХХVІІ сессияда айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін қолға алынып жатқан шаралар туралы мәлімделді.
Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның тұрақтылықты сақтау және қоғамның бірлігін нығайту үшін атқарып жатқан жұмыстарының маңыздылығын атап өтті.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы – қоғамды біріктіретін құрылым. Әр өңірде кіші ассамблеялар жұмыс істеуде, достық үйлері ашылды. Қазір еліміз үшін тұрақтылықтың маңызы зор. Тұрақтылық болмаса, барлық жетістіктерімізден айырыламыз. Сондықтан, Қазақстан халқы Ассамблеясының басты міндеті – халықтың бірлігін нығайту үшін қоғамды жұмылдыру, – деді Елбасы.
Ж.Түймебаев этномәдени бірлестіктердің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне бейбітшілік пен келісімді сақтағаны, сондай-ақ ел экономикасын дамыту ісіндегі жетістіктері үшін зор ризашылық білдіретінін атап өтті.
Рейтинг газеті