Қарақшылар ізі суымай ұсталды

Қысқаша

Сайрам ауданында түн ішінде қаруланған және бетперде киген қарақшылар жергілікті кәсіпкердің үйіне шабуыл жасады. Алайда оңай олжаға кенелгісі келген топтың дегені бола қоймаған.

полиция копия.jpg

Қарақшылар көз тіккен үйде сол күні күйеуі мен әйелі және кәмелетке толмаған үш баласы болған. Қылмыскерлер үйге ашық тұрған терезеден кірген көрінеді. Үй иесі оларға қарсылық көрсетіпті. Айқай-шудан көршілер келіп қалуы мүмкін деген қарақшылар ештеңені алмастан оқиға орнынан көлікпен бой тасалаған.

 

Осы жәйт бойынша  Қылмыстық кодекстің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Облыстың криминалдық полиция басқармасының қызметкерлерінен және Сайрам ауданының тәртіп сақшыларынан тергеу тобы құрылып,  шұғыл жедел-іздестіру шараларына кірісті.

 

Қарақшылар үш күннен кейін ұсталды.  Бес күдіктіні полицейлер тұрғылықты мекен жайынан және Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерден құрықтаған. Оның екеуі - Шымкент қаласының, ал қалғандары - Түркістан облысының тұрғындары болып шықты.

 

- Төртеуі бұрын осындай қылмысы үшін сотты болған. Олар қазір жасаған қылмыстарын мойындады. Күдіктілер баспанаға кіргеннен кейін үй иесінің үлкен ұлын байлап тастаған. Осы кезде 2008 жылы туған ұлы оянып кетіп, айқайлаған. У-шудан үй иесі оянып, қылмыскерлерге табанды қарсылық көрсеткен. Осыдан кейін олар оқиға орнынан бой тасалауға мәжбүр болған,- дейді осы қылмысқа кеңірек түсінік берген Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков.

 

Айта кетер жайт, жалпы Түркістан облысында биыл қарақшылық, мал ұрлығы сияқты қылмыстардың ашылуы айтарлықтай жоғарылаған.

 

Рейтинг газеті