Түркі тілдес әлемнің рухани астанасы – Түркістан қаласы тарихының, фольклорының, мәдениетінің халықарлық өркениеттегі маңыздылығын айқындау, тәжірибе алмасу және пікір бөлісуді мақсат еткен конференцияға қатысқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында қолға алынған іс-шара өңірдің рухани-ғылыми саласын жаңа сатыға көтереді деген сенімін білдірді.
«Түркістан қаласының түркі әлеміндегі орнын ғылыми тұрғыдан таразылайтын бұл конференцияның маңызы зор. Түркі халықтары үшін Түркістан қаласының тарихтағы орны әрқашан да қастерлі. Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстанның ежелгі астанасы халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады», деп атап өтті. Бауырлас елдердің ортақ тарихында Түркістан киелі мекен, Қожа Ахмет Ясауи түркі халқының ұстазы ретінде дәріптелген. Ясауи жатқан жер «бақыттың астанасы» ретінде танылған», – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Конференция аясында шетелдік және отандық ғалымдардың қатысуымен пленарлық мәжіліс және секциялық отырыстар өтті. Атап айтсақ, секциялық отырыстарда «Қ.А.Ясауидің әлемдік мәдениеттегі орны мен тағылымы», «Түркістан – түркі дүниесінің киелі мекені, рухани темірқазығы», «Түркістан – Ұлы жібек жолы бойындағы ірі қолөнер мен музыка орталығы», «Түркістан-түркі әлемінің генезисі» тақырыптары қамтылды.
Рейтинг газеті