Оразаның 10 пайдасы

Қысқаша

Оразаның оң қасиетіне жеке-жеке тоқталсақ: 1.Оразада жасушалар жаңарып, ескісі жойылады

ораза.jpg

Оразаның оң қасиетіне жеке-жеке тоқталсақ:

 

1.Оразада жасушалар жаңарып, ескісі жойылады.

 

Ораза  адам ағзасында қажетінен артық және ескі жасушаларды жоюшы қызметін атқарады. Оразаның тәртібі бойынша адам жылына бір ай толығымен ауыз бекітеді. Күніне кем дегенде 14 сағат жеп-ішуден тыйылып, одан кейін бірнеше сағатқа ауызын ашып, әл жинап алу қажет. Бұл  адам ағзасындағы жасушаларды жандандырып, керек еместерін жою процесіне қажет уақытқа дәлме-дәл келеді.

 

2. Қант диабетінің алдын алады.

 

Ораза тұту  қандағы қант үлесін барынша төмен мөлшерге түсіруге үлкен септігін тигізеді. Себебі ораза ұстаған кезде адамның ұйқы безі дем алады.

 

3. Артық салмақтан арылуға әсерін тигізеді.

 

Егер ораза ұстаушы ауыз ашқаннан кейін жейтін тамақ мөлшеріне шектеу қойып, дұрыс режиммен жүрсе бойдағы артық салмақтан арылуға ораза таптырмайтын әдіс.

 

4. Тері ауруларына пайдасы.

 

Ауыз бекітудің тері ауруларымен күресуде пайдалы әсері бар. Себебі адам ораза тұтқан кезде қандағы су мөлшері азаяды, яғни терідегі су құрамы да кемиді деген сөз.

 

5. Тұз байлану ауруына пайдасы.

 

Ағзада тұздың жиналуы көп тамақтанудан, әсіресе, еттен жасалған өнімдермен көп қоректенуден пайда болады. Сондай-ақ, адам шамасынан тыс тамақ жегенде бұлшықеттердегі протеин мөлшері көбейіп, бұзыла бастайды. Бұл адам буындарына, әсіресе, аяқтағы үлкен бармаққа несеп қышқылының жиналуына әкеп соғады. Сондай-ақ, қандағы несеп тұзының мөлшері көбейіп, ол бүйрекке жиналып, тұнады. Бұл процесс ақырында бүйректе тас пайда болуына әкеп соғады. Сондықтан тамақ пен судан тыйылып біраз уақытта ауыз бекіту — бұл дертті емдеудегі ұтымды жол.

 

6. Қан қоюлануының алдын алады.

 

Көптеген мұсылман және мұсылман емес ғалымдар ауыз бекітудің денедегі майдың құрамын азайтумен қатар, холестерин мөлшерін де бәсеңдететінін жарыса айтады.

 

7. Адам ағзасын улы заттардан тазартады.

 

Ұзақ уақыт тамақтан тыйылуы әлгі майдағы улы заттардың еруіне әкеледі. Оған қоса адам организмін улы заттардан қорғауға жауапты бүйрек, бауыр сияқты ағзаларға өз функцияларын атқаруға көмектеседі.

 

8. Ас қорыту жүйесі дем алады.

 

Ауыз бекіту – ас қорыту жүйесінің демалуына мүмкіндік береді. Бірақ бір ескерте кететін жайт ораза ұстаған кезде асқазан қышқылдық бөлуді тоқтатпайды. Яғни асқазанында жарасы бар адам ауыз бекіту кезінде абай болуы қажет.

 

9. Жағымсыз тәуелділіктерден арылу.

 

Жағымсыз тәуелділіктер десе, алдымен көз алдымызға түтіні бұрқыраған темекі келетіні хақ.  Рамазан айы — арам әдеттен арылуға таптырмайтын кезең. Себебі басқа күндері «темекіні тастаймын» деп өзіңізге уәде беріп, артынан нәпсі құрғырдың айтқанына ілесіп кеткеніңізбен, оразаның уақтында Алладан қорқыныш бұдан сізді, Иншалла, қайтарады.

 

10. Қан қысымын түсіру мен бас ауруына пайдасы.

 

Ауыз бекіту – қан қысымын түсіруге және қанның қоюлану қаупін азайтуға бағытталған табиғи жол.

 

Рейтинг газеті