Жалпы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысындағы Әдеп жөніндегі Кеңесінде ісі қаралған Кентау қаласы әкімі аппаратының басшысы Сәбит Дауылбаевтың тірлігінде түсініксіздік көп. Оның не заңды білмейтінін, не біле тұра әдейі бұзатынын айыра алмай дал боласыз. Ұзақ жылдар ішкі істер органдарында ревизорлық қызметтерді атқарған азамат аппаратқа келген соң өзін «жартықұдай» сезініп кеткені ме? Аппараттың басшысы да өзі, тіпті әкім де өзі, Әдеп жөніндегі Кеңес те өзі.
Былтыр қарашада Әдеп жөніндегі Кеңестің шешімімен Ескі Иқан ауылының әкімі Х.Муслимовқа ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану Кентау қаласының әкіміне ұсынылады. Желтоқсанда қала әкімі Әбдібақыт Мақұлбаевтың өкімімен Муслимовқа ескерту беріледі. Қаңтарда Мақұлбаев қызметінен кетеді. Әкімнің міндетін уақытша атқарған А.Алдамұратовтың (қала әкімінің орынбасары) өкімімен Муслимовқа берілген жаза алынып тасталады. Ал мұндай жазаны алып тастау үшін Әдеп жөніндегі Кеңестің келісімі қажет. Мұны әкімнің міндетін атқарушы А.Алдамұратов білмеуі мүмкін, ал әкімдіктегі барлық қызметкердің мәселесін қарап отырған аппарат басшысы Сәбит Дауылбаевтың білмеуі мүмкін бе?
Заң бойынша E-R-1, Е-R-2 санатындағы мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тәртіптік жауаптылығы облыстық Әдеп жөніндегі Кеңесте қаралады. Алайда Кентауда аталған санатқа жататын шенеуніктердің ісін С.Дауылбаев төрағалық ететін тәртіптік комиссия қарай берген. Мәселен, 11 наурызда комиссия қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Р.Қожабекованың мәселесін қарап, оған ескерту жөніндегі тәртіптік жазаны қолдану жөнінде қала әкіміне ұсыныс береді. 19 наурызда аппарат Қожабековаға қатысты екінші мәрте тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп, 20 наурызда бөлім басшысына қызметіне толық сәйкес еместігі түріндегі жаза берілген. Қайталап айтайық, мұндай қызметкердің мәселесін қарау облыстық Әдеп Кеңесінің құзырына ғана тиесілі болған.
Ақ-қарасын анықтамастан әкімдіктегі қызметкерлерді жаппай жазаға тарту С.Дауылбаевқа полициядан жұққан әдет шығар, бәлкім. 15 ақпанда ол Кентау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінде жүргізілген мемлекеттік талдау нәтижесінде бөлім басшысы мен жауапты қызметкерлердің тәртіптік жауапкершілігін қарау жөнінде қала әкіміне жазбаша ұсыныс береді. Бөлім басшысы Ж.Ерубаев заңбұзушылықтар орын алған кезде бөлім басшысы лауазымына әлі тағайындалмағанын, ол бойынша бөлімнің бас маманына сөгіс берілгенін айтады. Егер мемлекеттік қызметші теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, онда оған қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілуі тиіс. Алайда Дауылбаев ешқандай тексеру жүргізбейді, қала әкімінің өкімімен Ерубаевқа тәртіптік жаза қолданылады.
Былтыр қазанда Кентау қаласы әкімінің орынбасарлары Б.Алимбетов пен А.Алдамұратовқа сөгіс түріндегі жазалар қолданылған. Мұндай жазалар 26 желтоқсанда аппарат басшысы С.Дауылбаевтың ұсынысымен мерзімінен бұрын және заңсыз алынған. Шамасы, Дауылбаев заңды білмесе де, кімді «жарылқау» керектігін жақсы білген сияқты.
Ең қызығы сол, Дауылбаев қарамағындағы қызметкерлерді былай қойғанда өзінен жоғары тұрған қала әкімі Ғ.Рысбеков пен оның орынбасарын іс-сапарға жіберіп отырған. Аппарат басшысы Иқан, Шаға, Қарашық, Жібек жолы, Жүйнек ауылдық округтерінің әкімдерін Түркістан қаласына іс-сапарға жіберу жөніндегі бұйрықтарды да ұдайы шығарып отырған. Ауыл әкімдеріне 10-20 шақырым қашықтықтағы Түркістанға арнайы іс-сапар бұйрығымен барып келуі тәжірибеге айналған.
Мұндай іс-сапар шығындарына бюджеттен ақша қаралды ма, жоқ па, ол жағы белгісіз, белгілісі, Әдеп Кеңесі Сәбит Дауылбаевқа ескерту түріндегі жаза қолдану жөніндегі ұсынысты Кентау қаласының әкімі Дәурен Махажановқа жолдады. Бәлкім Д.Махажановқа Кентауда кім әкім екенін де анықтап алуы қажет шығар
Рейтинг газеті