Басқарма шариғи үкімді негізге алып, ғылыми зерттеу жұмысының нәтижесін ескеріп, сонымен қатар, Орталық Азия елдері мүфтиятының шариғат және пәтуа бөлімінің ғалымдарымен ортақ пәтуа қабылдай отырып, 6 мамыр – рамазан айының бірінші күні деген шешім шығарды.
Биыл 30 күн ауыз бекітеміз. Қасиетті Қадір түні - 31 мамырдан 1 маусымға қараған түн. Ал 5 маусым - ораза айттың бірінші күні.
Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға рамазан айында күнде таң атқаннан бастап күн батқанға дейін оразаны ниет етіп, ішіп-жеуден, төсек қатынасынан тыйылу парыз.
Хайыз және нифас кезінде әйелдер ораза ұстамайды. Жүкті немесе бала емізетін әйелдер ораза тұтқан кезде өзіне немесе баласына зиян келуден қорықса, сырқат кісі ауруының асқынуынан қауіптенсе, олардың ораза ұстамауларына болады. Бұлар оразаның қазасын рамазан айынан кейін өтеп береді.
Рамазан айында жолаушыға да ораза ұстау міндет емес. Сапардан қайта оралғанда, қазасын өтейді.
Кәрілік немесе жазылмайтын ауру себебінен ораза ұстауға шамасы келмейтін адамдар оразаның әр күні үшін підия береді.
Пітір садақаның мөлшері – 300 теңге. Бұл - пітір садақаның ең төменгі мөлшері. Бұл мөлшерден артық беруге де болады.
Рейтинг газеті