«Түркістан қаласының аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру және ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында іске асырылатын жобалар» тақырыбындағы семинар-кеңеске облыс әкімі, Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, Жамбыл, Қызылорда және Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы саласының басшылары мен тауар өндірушілері, қаржы ұйымдарының төрағалары, екінші деңгейлі банк басшылары, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ғалымдар, аудан, қала әкімдері қатысты.
Шаруаларға арналған жиында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Нармұхан Сарыбаев, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров, «ҚазАгроҚаржы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алмас Жаубаев агроөнеркәсіп кешеніне жеңілдетілген несиелер туралы жан-жақты жеткізді. Ал, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов азық-түлік белдеуін қалыптастыру, ауыл шаруашылығы саласында алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып және халықты жұмыспен қамту мақсатында жүзеге асыратын жобалары хақында, Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков тауыл аймақта жүзеге асырылған және асырылатын жобалары туралы баяндады. «Dala Fruіt» ЖШС директоры Болатбек Нажметдинұлы қарқынды бау шаруашылығындағы жетістіктерін таныстырса, ғалымдар бір жылда 2-3 өнім алудың тиімділігін талқыға салды.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығы саласында дамыған мемлекеттерден қалып қоймас үшін ғалымдармен бірлесе зерттеу жұмыстарын кеңінен жүргізіп, әлемдік талаптарға сай келетін өнім өндіруге ұмтылған жөн екендігін айтты. Әрі өнім нарықтық экономикаға сай, бәсекеге қабілетті болуы керектігін жеткізді.
– Бүгінгі таңда Түркістан қаласының аумағын дамыту, халқын тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мақсатында 480 жоба анықталып отыр. Бұл жобалар облыстың әр ауданының басым бағыттарын дамытып, облыс халқын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында таңдап алынды. Ауыл шаруашылығында алдағы уақытта алдыңғы қатарлы технологияларды қолдана отырып, жаңа ауыл шаруашылығын қалыптастыруымыз керек. Алдағы уақытта талап өзгереді. Әр аудан табиғи жағдайға байланысты жұмыс істеуі тиіс, – деді өңір басшысы.
Өмірзақ Шөкеев жоғарыда аталған тапсырмалар мен 480 жобаның іске асырылуына аудан, қала әкімдері тікелей жауапты екендігін ескертті.
Рейтинг газеті