«Белгісіз біреулердің» құрбаны

Қысқаша

«Азаттықтың» хабарлауынша, “Атажұрт еріктілері” ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті полиция қызметкерлері наурыздың 10-ы күні Алматыдағы қонақ үйден түнгі екі жарым шамасында ұстап алып кеткен.

 1BB98DB8-AB6F-4113-8481-A8CB98D619C2_w1200_r1_s-600x600.jpg  

10 наурызда “Серікжан Біләшті белгісіз біреулердің аңдығаны белгілі болғаннан кейін” әріптестері қауіпсіздік мақсатында үйіне емес, қонақ үйге баруға көндірген. Түн жарымда есікті теуіп ашып кірген 10-15 шақты адамның арасында форма кигендері де, қарапайым киіммен жүргендері де болған. Олар Серікжан   Біләшті ұстап, дереу ұшақпен Астанаға жеткізген.


   Осыған қатысты Астана қаласының прокуратурасы ресми мәлімдеме жасады: “Астана қаласының Полиция департаментімен 2019 жылғы 10 наурызда ұлттық алауыздықты қоздыру күдігімен Қазақстан Республикасының азаматы Бияш Серікжан ұсталды. Бұған негіз болған Бияш Серікжанның 2019 жылғы 8 ақпанда Алматы қаласында еске алу іс-шарасы кезінде ашық түрде айтылған этникалық қытайлықтарға қарсы «жиһадқа» - соғысқа шақыруы.


  Бұл факт бойынша Астана қаласының Полиция департаментімен 2019 жылғы 21 қаңтарда  жергілікті тұрғынның арызы бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 174-бабаның 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу өндірісі басталды.


  Бияш Серікжанның сөзінде ұлттық алауыздықты қоздыруға шақырудың болғаны политологиялық сараптаманың №499  2019 жылғы 5 наурыздағы  қорытындысымен, әлеуметтік желіден алынған бейнежазбалармен, куәгерлердің жауаптарымен және басқа құжаттармен расталып отыр. Көрсетілген күдіктіге қатысты барлық іс-әрекеттер ішкі істер органдарымен қылмыстық процестік заңнама аясында жүргізілген. 2019 жылғы 11 наурызда Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотымен Бияш Серікжанға қатысты 2 айға «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды”.

Серікжан Біләштің тұтқындалуына қатысты әлемдік ақпарат құралдары да пікір білдірген. Қазіргі уақытта Қытай Шыңжандағы ұйғырлар мен қазақтарға қатысты қатаң саясат ұстанып отыр. Жаппай қысымға алу, қудалау, лагерге айдау. Осындай кезде зардап шеккен Қытай қазақтарының құқығын қорғап жүрген азаматтың тұтқындалуы әрине, теріс пікір туғызады. Бұл қазақ билігі үшін қандастарының құқығынан гөрі Қытаймен арадағы қарым-қатынасты жоғары қоятынын көрсетеді.

Рейтинг газеті