Бозторғай

Қысқаша

Халық Үкіметтің жаңа басшысы Асқар Маминнен тың да батыл бастамалар күтетіні анық. Алайда Елбасының бастамалары мен тапсырмаларын орындаудан әріге барған, яғни өздігінен идея көтеріп оны іске асырған Премьер қазақ елінде әзірге болған жоқ. Қателессек де

 57f252df09633fdb844e025b1ecc73ea.jpg

 Маминнің кабинеті де Мемлекет басшысы айқындап, мерзімі мен қаржысына дейін белгілеп берген тапсырмаларды орындауға кірісті. Әзірге Үкіметтегі жалғыз ғана өзгеріс – жиналыстың бір сағат ерте өткізілетіні. Яғни Үкімет отырысы сағат 9-да басталады. Бұл өзгерісті журналистер қауымы Маминнің ұйқыдан ерте оянатынымен байланыстыруда. Иә, Маминнің маңайындағылардың айтуына қарағанда, ол күнде таңғы 4-те оянады. Таңертеңгілік жаттығулардан кейін ағылшын және қытай тілдерін меңгеруге кіріседі екен. Орысшасы «отлично» дерлік Үкімет басшысының тіл байлығы мемлекеттік тілге келгенде «жақсыға» жетіңкіремейтін сияқты. Таң атпай тіл үйренуге кірісетін оның жастыққа басы қай уақытта тиетіні беймәлім.

  

  Тәулік ішіндегі ұйқы режиміне байланысты адамдарды «үкі» немесе «бозторғай» деп бөлуге болады. Яғни, А.Мамин «бозторғайлар» қатарында. Бұл типтегі адамдар таң сәріден ұйқыдан сергек тұрып іске кіріседі. Алайда, олардың қарқынды қуаты түс ауғанға дейін ғана жетеді екен. Зерттеушілердің дерегіне қарағанда, кеш батқан сайын «бозторғайлардың» белсенділігі төмендеп, шаршап қалады. Кешкі сағат 21-22 «бозторғайлардың» ұйқыға кететін уақыты. Ал енді бозторғай дегеніңіз сайрағыш құстар тобына жатады. Тіпті, қазақ әнінде «шырылдайсың бозторғай жерге түспей, мен жүрмін күні кешке тамақ ішпей» деген жолдар бар. Сондай-ақ, қазақ халқы мамыражай жақсы заманды «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп атайды. Сайрау жағынан Үкімет басшысын бозторғай дей алмаспыз, ал заманның мамыражай болуы тапсырманы ғана орындайтын адамға тікелей байланысты да емес.


  Бүгінде Мамин туралы әңгіме көп. Бірі бұрынғы қызметтерінде түк бітірмегендігін айтып жатса, енді біреулер оның ерекше жұмыс стилін мақтауда. Көп сөйлемейтінін, тапсырылған мәселеден ауытқымайтынын, эмоциясын білдіре бермейтінін айтушылар да аз емес. Жұмыс істеу ерекшелігі мен мінезге де көп нәрсе байланысты, әрине. Маминнің жұрт айта жүрер қандай із қалдыратынын уақыт көрсетер. Дегенмен қарапайым халық үлкен өзгерістерді күтуде.

Рейтинг газеті