11-інші премьер және 11-інші әкім...

Қысқаша

Елбасы «Үкімет отставкіге кетуі тиіс» деген мәлімдемесінде экономикада күткендегідей нәтиженің жоқтығын, білім саласын реформалауға қаржы жеткілікті бөлінгенімен, жүйелі жұмыстардың жүргізілмегенін, нақты бағдарлама жасалғанымен халықты жұмыспен қамтуда д

 Screenshot_2.jpg

  ...Ал су жаңа Үкіметтің құрамына Өмірзақ Шөкеевтің енбей қалғанын жұртшылық әу бастан-ақ басқаша жорыды.

  Шөкеевтің облыс әкімі болып кетіп бара жатқаны айтпаса да түсінікті еді. Бірақ қайда? Ақтөбеге ме, әлде Түркістанға ма? Экс-министрдің көштің басын Түркістанға қарай түзегені қызметке тағайындаларынан бір күн бұрын айтыла бастады. Кешке жақын 11-інші премьер Асқар Мамин өңірдің 11-інші әкімі Өмірзақ Шөкеевті әкеліп, облыс активіне таныстырды. Иә, Шөкеев сонау Марс Үркімбаевтан бері саусақ бүгіп санасаңыз,  өңірге келген 11-інші,  ал былтыр ғана қайта құрылған Түркістан облысының екінші әкімі. Ол 2006-2007 жылы Оңтүстік Қазақстан облысын бір жылға жуық басқарып кеткен. Түркістан Шөкеевке бөтен емес. Ресми биографиясына қарағанда, оның кіндік қаны осы қасиетті қалада тамған. Таныстыру жиынында Шөкеевтің өзі де осыны ауызға алды.

 - Осы жерде туып-өстім. Араға 10 жыл салып жаңа облыс орталығына өте жауапты қызметке мені тағайындап, перзенттік парызымды орындауға мүмкіндік туғызғаны үшін Елбасымызға шексіз ризашылығымды білдіремін,- деді ол.

   Бізге белгілі мәліметтерге қарағанда, Өмірзақ Шөкеевтің әкесі Естай Шөкеев  Бәйдібек ауданының тумасы. Кезінде кеңшар директоры қызметін атқарған. Өмірзақ Шөкеевтің де балалық шағы аудан орталығы Шаян ауылында өткен.  Мектепті алтын медальмен бітірген. «Бәйдібек шенеуніктерді түлетіп отырған аудан» деген сөздің тегін айтылмағаны тағы бір дәлелденді. Бұған мысал ретінде  облысты басқарған соңғы төрт әкімнің үшеуі (Мырзахметов, Түймебаев, Шөкеев) Бәйдібектің тумасы екендігін айтсақ та жеткілікті.

   Шөкеевтің өмірбаянына қайта оралсақ. Мәскеуде білім алған. Мамандығы бойынша экономист. Экономика ғылымның докторы.  Президент әкімшілігінде, Үкіметте қызмет еткен. Бұдан кейін ол Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.  1995 жылы ол Әкежан Қажыгелдиннің Үкіметінен экономика министрінің портфелін алды. Бұл кезде Шөкеевтің жасы бар-жоғы 31-де.  Кейбіреулер жас шенеуніктің осындай лауазымға қол жеткізуін оның қайын атасы, Ұлттық банктің бұрынғы төрағасы Дәулет Сембаевпен байланыстырады. Кім біледі?!  Бірақ қалай десек те, биліктің көшіне өте ерте қосылған Шөкеев осы уақытқа дейін саптан шықпапты. Иә, 25 жылдық еңбек жолында түрлі әңгімелер айтылғанымен, Шөкеев бірде-бір рет  әлдебіреулер сияқты «жер аударылып» немесе «үзіліс» алған жоқ.  Бұл Шөкеевтің орындаушылық қабілетінің өте жоғары екендігін, Мемлекет басшысының оған ерекше сенім артатынын білдірсе керек. Екі жылдан кейін ол вице-премьер қызметіне ауысты. Сауда, көлік, өнеркәсіп сияқты ең жауапты салаларға бақылау жасады. Шөкеевтің Үкіметтегі карьерасы осыменен ұзақ уақытқа кідіре тұрды. Оның енді әкімдік дәуірі басталды.

   Байқасаңыздар, қазақстандық шенеуніктердің ішінде төрт бірдей өңірге әкімдік еткен екі-ақ адам бар. Бірі Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына әкім болған Бердібек Сапарбаев. Екіншісі Өмірзақ Шөкеев. 

   Шөкеев 1998 жылы Қостанай облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Тағдыр оны осы жерде өзінің ең сенімді серігі Асылжан Мамытбековпен түйістірді. Бұдан кейінгі жылдары Шөкеев-Мамытбеков тандемі бір-бірінен ажыраған жоқ. Шөкеев -әкім, Мамытбеков- әкім орынбасары.  Шөкеев -министр, Мамытбеков -жауапты хатшы. Шөкеев 2004 жылы Астананың әкімі, ал 2006 жылы күтпеген жерден Оңтүстік Қазақстан облысына әкімі болып барған кезде де осы заңдылық бұзылған жоқ.

   Күтпеген жерден деуге негіз бар. 2006 жыл жалпы Оңтүстік үшін өте қаралы кезең болды. Оңтүстікқазақстандық сәбилер жаппай ВИЧ дертіне шалдығып, мұның соңы у-шуға ұласты. Мәселені мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінде қарап, облысты төрт жылдан астам уақыт іскерлікпен басқарған (осы тосын оқиға болмаса-Б.Ә.) Болат Жылқышиев пен денсаулық сақтау министрі Ерболат Досаевты қызметінен босатты. Елбасы осындай қиын-қыстау кезде облыстың тізгінін Шөкеевке сеніп тапсырды. Шөкеевтің келген бойда жаппай кадрлық сапырылыс жасағаны есте қалыпты. Басқарманың басшылары, аудан-қала әкімдері қалпақша ауыстырылды, өзін жартықұдай сезіне бастаған көп кадрлар допша домалап, бір-ақ күнде далада қалды. Әне-міне облыстың басшысы болады деген Шымкенттің әкімі Өмірзақ Әметтің орнына Анарбек Орман екінші қайтара келді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына Шөкеевтің командасынан қалмай келе жатқан В. Дудник тағайындалды. Дудник облыстың ауруханаларын шошқаханаға теңеп, елдің ашуына тигені аздай, бас дәрігерлер арасында аттестация өткізіп, оларды жаппай қызметінен қуғанымен есте қалыпты. Әрине бұл бір ғана денсаулық саласында, шынтуайтына келгенде Шөкеевтің тұсында Шымкентте көптеген оң тірліктер атқарылды. Қожайындары атынан ат үркетіндер бола тұра «қызыл сызықтағы» ғимараттардың бұзылғаны, базарлардың қала сыртына көшірілгені өз алдына бір бөлек әңгіме.

   2007 жылдың тамызында Мәжіліс сайлауы өтісімен Шөкеев Үкімет жетекшісінің орынбасары лауазымына ауысып кетті. Артынша бірінші орынбасар болды. Түркістанға қайтып оралғанға дейін «Самұрық-Қазынаға» жетекшілік етті, оның соңғы қызметі Ауыл шаруашылығы министрі еді.

Мұның бәрін неге еске алып отырмыз? Егер Шөкеев әдеттегі тәсілінен жаңылмаса, Түркістанда бірінші кезекте жаппай ауыс-түйіс жасайды.   Біраз кадрдың Астанадан келетіні айтпаса да түсінікті. Шөкеев - Мамытбеков тандемі Түркістанда да жалғаса беруі ғажап емес. Несі бар, Түркістан Мамытбековтың де туған облысы емес пе? Айтпақшы, соңғы жылдары Шөкеевпен жақсы тіл табысып жұмыс істеп жүрген Су ресурстары комитетінің төрағасы, ұзақ жылдар Оңтүстікте әкімнің орынбасары қызметін (соның ішінде Шөкееевтің де) атқарған Ислам Әбішевтің де Түркістанды түлетуге тәжірибесі жетеді. Тек зейнет жасына келіп тұрғаны...Тағы кім бар еді? Жаңа әкім кімдерді қызметінен алады, кімдерді алып келеді?

  ...Біз тақырыпты үлкен ауыс-түйістен кейін қайта жалғайтын боламыз.

 Рейтинг газеті