Әбдірахымовтың аналарды алдағаны қалай?

Қысқаша

Әбдірахымов әулие екен. Естеріңізде болса, қайбір жолы Әбдірахымов Астанада өткізген брифингте халықты әйелге теңеп еді. Сөйткен Әбдірахымов әйелінен қорқып, үй айналып қашып жүрген еркектің жағдайына тап болды.

WhatsApp-Image-2019-02-16-at-13.08.37-696x522.jpg

  ...Әйелдерді Әбдірахымовқа қаратқан, ал Әбдірахымовты жерге қаратқан қу Үкімет-ай.    Әлқисса...Әңгіменің тоқетеріне көшсек...

  «Ғабидолла мырза, сізден өте ұят болды. Әкім мырза, біз сізді аналарды жеке қабылдап, мұң-мұқтажын тыңдайды деп сенген едік. Өте ұят болды, өте ұят болды».

  Сенбі күні Шымкент қалалық әкімдігіне жиналған аналар осылай деп шырылдады. Бұлай деуінің де жөні жоқ емес. Жұма күні дүйім жұрттың алдында тік тұрып есеп берген Шымкенттің әкімі Ғабидолла  Әбдірахымов сенбі күні сағат 11-де көпбалалы аналарды қабылдайтынын айтқан еді. Шымкенттің әкімі көптің алдында берген уәдесін былай шыға бере ұмытты ма, әйтеуір адам түсінбейтін жағдай болды. Әкім сенбі күні аналармен кездеспей қойды.  Жұрт аң-таң.

  Сенбі күні таңертең әкімдік ғимаратындағы у-шу әп-сәтте әлеуметтік желі арқылы айдай әлемге тарап кетті. Әкімдіктің алдына барғандағы көргеніміз мынау: әр-әр жерде топталған аналар, бір топ әкімдік ғимаратын айналшықтап жүр, бір топ «Түркістан» сарайының алдына жиналыпты. Бәрі ашулы. Аздан кейін аналарды әкімдіктің екінші қабатындағы мәжіліс залына шақырды.

  Залдың іші араның ұясындай гуілдеп тұр екен. Айналасы ат шаптырым аумақ әйелдерге лық толған. Арасында емізулі баласын құшақтап жүргендер де көп.  Осы жерде әкімнің барлық орынбасарларын, басқарма басшыларын, аудан әкімдерін, мәслихат депутаттарын көзіміз шалды.

  Қалалық полицияның басшылары да, тәртіп сақшылары да осында. Шенеуніктер кірген әр әйелге  бір-бір парақ қағаз беріп, өзінің талабын жазып беруді тапсырды. Әркім өз талап - тілегін жазды. Бірі әкімдіктен мойнындағы кредитті  төлеп беруді,  бірі баспанамен қамтамасыз етуді, бірі жәрдемақыны көбейтуді сұранды. Ара-арасында ашынған аналар «әкім қайда, әкім қайда?» дегенді айтады. Бірақ шымкенттіктердің «көктегі құтқарушы әкелері» бәрібір көрінбеді. 

  - Менің атым-жөнім Жанерке Темірбаева. Жасым 28-де. Балалар үйінің түлегімін,- деді бізге сол жерде сұхбат берген аналардың бірі. -Мектеп бітірген бойда тұрмысқа шығып кеттім. Бірақ отбасылық өмірде жолым болмады. Алты бала-шағам бар. Алғашқы екеуіне алимент шығады. Кейінгі төрт балам туылғанда күйеуіммен некеде болмағанмын. Сол себепті жалғыз басты ана деп танылғанмын. Былтыр жазда жағдайымды айтып, жылап қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртайға кірдім. Сол жерде мектептегі комиссия мүшелері де болды. Себебі балаларымның сабаққа баратын киімдері жоқ, бірде аш, бірде тоқ дегендей күн көріп жатқан едік. Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай: “Балаларыңды асырай алмасаң, балалар үйіне өткіз. Олардан бас тарт, басқалар асырап алады”,- деді. Мен осыншама баланы жетімдер үйіне беру үшін туғаным жоқ. Әкім орынбасарының сөздерінен қатты көңілім қалды. Осыдан кейін жеті айлық баламды тастап, жұмысқа шығып кеттім. Қызылордада вахталық жұмыста істедім.  Келсем баламның үстіне шәугім түсіп кетіп, күйіп қалыпты. Одан кейін қалай жұмысқа шығамын.  Қазір баламның үлкені 9-да, кішісі бір жарымда. Үйде аштан аш отырмыз. Қайрат Нұртай «балаларыңа алимент өндіріп береміз» деген еді. Бірақ өндірген жоқ, ешқандай жұмыс істелінбеді. Не көмек жоқ. Жәрдемақыны әр балаға 16 мың теңгеден береді дейді. Менің алып отырғаным 12  мың теңгеден. Жұмыспен қамту орталығындағылар «Астанадан сондай ақша жіберіп жатыр» деп шығарып салады. Жағдайым қиын болса да балаларымнан бас тартып жатқаным жоқ. Өкімет жәрдемақыны көбейтсін. Көршім ай сайын азық-түлік кәрзеңкесін алады. Маған жоқ. Сонда менің бала - шағам аш отыруы тиіс пе?  

Әйелдермен  әңгімелесіп, мән-жайды түсіндірген қалалық әкімдіктің құқық қорғау жүйесі бөлімінің басшысы Нариман Қасымбековтың айтуынша, Ғабидолла Әбдірахымов әр әйелді жеке мәселесі бойынша қабылдап, одан кейін оны Үкіметке жеткізіп, заңға өзгеріс енгізіп, мәселені «глобально» шешеді екен.

  - Әкім ертең өтірікші бола алмайды,-деді Н.Қасымбеков.

  Талап арызын жазып, әкіммен кездесуден күдерін үзген аналар тарай бастады. Енді олардың талап-тілегін әкімдік қалай шешіп береді? Бұл алдағы күндердің еншісіндегі шаруа.