Роналду «Ювентус» жанкүйерлерінің басты арманын орындай ала ма?

Қысқаша

10 шілде күні футбол әлеміндегі ең басты трансфер жүзеге асты. Португалия футболының жарық жұлдызы Криштиану Роналду Мадридтің «Реалынан» Туриннің «Ювентус» командасына ауысты. Арада бір апта өткенде футболшыны клуб басшылығы жанкүйерлердің алдында ресми

23.jpgТрансфер құны 112 миллион еуроға бағаланды. «Ювентус» клубының президенті Андреа Аньелли футболшының демалып жатқан Грекиядағы қонақ үйіне барып, келісімшартқа қол қойды. Marca басылымының жазуынша, бұл әлемдегі ең ірі бес трансфердің қатарына кіріп отыр. Роналду жаңа командасы сапында жылына 30 миллион еуро табыс табады. Футболшыға Испаниямен салыстырғанда Италияда салық жағынан жеңілдік көп. Португалиялық футболшы «Реалдың» жейдесін 2009 жылы киген еді. Оның алдында «Спортинг» және «Манчестер Юнайтед» сапында ойнаған. Мадридте ол 9 жылда 438 матчқа қатысып, 451 гол соққан. Қазіргі кезде ол клубтың ең үздік сұрмергені.

«Корольдік» клуб сапында 16 титулға ие болған. Оның ішінде төртеуі Чемпиондар лигасының кубогы. Сондай-ақ екі рет Испания чемпионаты мен ел Кубогын және Суперкубогын ұтқан. Клубтар арасындағы әлем чемпионатында үш рет топ жарған. Еуропа Суперкубогында екі мәрте бас жүлдеге ие болған. Жеке ойыншы ретінде Испания астанасында жүріп, үздік футболшыға берілетін төрт «Алтын доп» иеленді.

Өмірдің жаңа белесін бастайтын уақыт келді

Футболшы «Ювентусқа» ауысатын тұста барлығына өз алғысын айтып, өзінің Instagram әлеуметтік желісіне былай деп хат жазды:

– «Реал» мен Мадридте өткен осы жылдар менің өмірімдегі ең бақытты кезеңдер. Сол үшін клуб пен қалаға алғыс білдіремін. Әр кезде қолдау білдіріп, құрметтегені үшін оларға рахметтен басқа айтарым жоқ. Дегенмен, өмірдің жаңа белесін бастайтын уақыт келген секілді. Сол себепті клубтан сатуды сұрадым. Жанкүйерлер мені жақсы түсінеді деп ойлаймын. Бұл бір ғажайып тоғыз жыл болды. Сөзбен айтып жеткізу қиын. Мадридте жүріп, футболдан нағыз ләззат алдым. Командадағы әріптестерім алаңда және оның сыртында ұйымшыл болды. Біз қатарынан Чемпиондар лигасын үш рет жеңіп алдық. Адамдардан жылы пікір естідім. Солардың арқасында «Алтын допқа» төрт рет, «Алтын бутсыға» үш рет ие болдым. «Реал» менің және отбасымның жүрегімде мәңгілік сақталары анық, сондықтан клуб президенті, басшылық құрамына, әріптестеріме, әрбір қызметкерге, дәрігерлерге, физиотерапевттерге алғыс білдіремін, – дейді Роналду.

«Ювентустің» көздегені – Чемпиондар лигасы

33 жастағы португалиялық футболшы «Ювентус» клубына қандай пайда әкеле алады? Осы сұраққа жауап іздеп көрсек. Күні кеше Франция құрамасымен әлем чемпионы атанған Дидье Дешам күтпеген жерден «Ювентус» клубынан кетіп қалады. Ол тұста Дешам клубты В Сериясынан элитаға көтерген еді. Француз маманына әріқарай жұмыс істеуге беруіне ешқандай кедергі жоқ сияқты көрінген.

– Клуб басшылығымен трансферлік саясат жағынан әр түрлі көзқарас болды. Жылына ортаңқол 5-6 футболшыны алғанша, 2-3 үздік ТОП ойыншымен келісімшарт жасасқаным дұрыс деп санадым. Сонда ғана «Ювентустің» бұрынғы тарихындағы толағай табыстарды жалғастырып және жанкүйерлердің сенімін ақтайтын ойын көрсетер едік. Бірақ клуб басшылығы бұл ойымды құптамадым. Сондықтан кетуге шешім байладым– дейді Дешам Спорт-экспресс басылымы жариялаған сұхбатта.

Содан бері «Кәрі синьораның» жыл сайын трансферлік тәбеті ашылып отырды. Клуб басшылығы бұл жерде кінәлай салу бір жағынан дұрыс болмас. Соңғы төрт маусымда клубқа мына ойыншылар келді: 2015/2016 жылғы маусымда жас жұлдыз Паула Дибала (40 миллион еуро) және тәжірибелі хорват шабуылшысы Марио Манджукичті (21 миллион еуро) сатып алды. 2016 жылы жазда «Наполиде» үздік сұрмерген атанған Гонсало Игуаин (90 миллион еуро) мен «Романың» барлық ойынын үйлестірген Миралем Пьянич (32 миллион еуро) қосылды. Ал былтырғы маусымның алдында Турин командасының қатарын Федерико Бернардески (40 миллион еуро), Хуан Куадрадо (20 миллион еуро), Блез Матюиди (20 миллион еуро), Меди Бенатиа (17 миллион еуро) және Войцех Щенсны (12,2 миллион еуро ) толықтырды.

Алайда аталған трансферлердің барлығы «жақсы әрі сапалы» болғанымен, ешқайсысын «Трансфер нарығындағы бомба» деп айтуға келмейді. «Ювентустің» қазіргі құрамы ішкі чемпионатты оңай жеңгенімен, жанкүйерлердің ең басты арманын орындай алмай жүр. Яғни Еуропадағы ең басты клубтық жарыс Чемпиондар лигасының кубогы «Ювентусқа» әзірге қол жетпес арман.

Соңғы жылдары екі рет финалға шықса да, екеуінде де жеңілді. Бірақ бір қызығы, сол екі финалдың біреуінде «Барселона», екіншісінде «Реалға» есе жіберді. Испанияның қос алыбынан. Франция бапкері Дидье Дешам да кезінде екі рет финалда жолы болмаған. Биыл үшінші финалында Франциямен әлем чемпионы атанды. Криштиану Роналдумен бірге Массимилиано Аллегриде неге байқап көрмеске?

Криштиану Роналдуды «Ювентус» клубына шақыру осы жылдары ішінде орындалмаған арманды жүзеге асыру болып тұр. Егер португалиялық футболшы Турин жанкүйерлерінің осы арманын жүзеге асырса, одан қаһарман ешкім болмасы анық. Сол кезде: Біз Еуропа футболының элитасына кіреміз. Біз ешқандай қарсыластан кем емеспіз» деп айта алады.

Енді футбол жанкүйерлері Криштиану Роналду мен Лионель Мессидің тартысын толықтай тамашалай алмайды. Екі гений бұрынғыдай алаңда жиі кездеспейді. Өйткені екеуі екі түрлі чемпионатта ойнайды.

Испания чемпионаты соңғы жылдары жұлдыздарынан жиі айырылып қалып жүр. Екі жыл бұрын Неймар, Роналду, Месси ойнаған. «Алтын доптың» былтырғы маусымдағы үштігі. Ал қазір тек осылардан соңғысы қалды.

Италия чемпионаты маркетинг жағынан керсінше өсе бастады. Бәлкім, Роналдудың Туринге келгені әсер еткен болуы тиіс. Енді Роналдумен бірге Апенин түбегінде ойнайтын өзге де жұлдыздардың саны артуы мүмкін. Оның бәрі демеушілердің, серіктестердің көбеюуіне, ТВ-трансляциялардың ұлғаюына әсер етеді. 90-жылдары Италия чемпионаты әлемдегі ең үздігі болған. Сол жоғалтып алған беделді қайтаруға Роналду себепші болуы ықтимал.

«Реалда» аса қатты өзгеріс күтіп тұрғаны байқалады. Мамырда атақты Зинедин Зидан бас бапкерлік қызметтен кетті. Енді Роналду. Келесі кім? Жиі жарақат алатын Бэйл? Жанкүйерлердің сынына жиі ілігетін Бензема? Испания құрамасынан жанжалмен кеткен бас бапкер Лопетеги ме? Тіпті, Чемпиондар лигасын қатарынан үш рет ұтқанның өзінде көпшілігі «Корольдік клубқа» тән ойын көрсеткен жоқ деп айыптаған. «Реалға» жаңа өзгеріс қажет дегендер көп болған. Енді, міне, сол сәт келіп тұр. Бірақ Мадрид бірден чемпиондық даңғыл жолға түсіп кетеді дегенге ешкім кепілдік бере алмас.

Керсінше, «Ювентусты» жарқын болашақ күтіп тұрғандай. Турин клубында қазір бәрі бар. Енді тек Чемпиондар лигасында жай ғана талас жүргізіп қоймай, фавориттердің бірі болуға керемет мүмкіндік туып тұр: тәжірибелі әрі керемет тактик бапкер Аллегри, басты жұлдыз Роналду және оған көмектесетін команда бар.

Роналду Мадридтегі жетістігін Туринде қайталай ала ма?

Криштианудың жасы 33-те болғанымен, ол еңбекқор. Ешқашан жаттығудан қашқан емес. Сондықтан әлі 2-3 маусым жоғары деңгейде ойнауға шамасы бар. Өзі де Туриндегі баспасөз мәжілісінде журналистерге осыны айтты.

– Мен физикалық, ментально және эмоциялық тұрғыдан болсын әлі де бабымдамын. Оның үстіне футболға деген құлшынысым өте жоғары. Көп ойыншылар үшін 33 жас спорттық карьерасын аяқтайтын уақыт. Ал мен олардың қатарынан емеспін. Өзгелер секілді емеспін. Мен басқа адаммын. Қазір мен және клуб үшін де және эмоциялық сәт, – деп келтіреді Marca басылымы К.Роналду баспасөз мәжілісіндегі айтқан сөзін.

Португалиялық футболшының Мадридтен Туринге ауысуын Зинедин Зиданның «Реалдан» кетуімен байланыстырып жатқандар да бар. Мысалы, Испания чемпионатында ойнаған танымал ресейлік футболшы Александр Мостовой ТАСС агенттігіне берген сұхбатында осылай деп айтқан.

– Мен Роналду «Реалдан» кетеді деп күткен жоқпын. Мүмкін болған атақтардың барлығын жеңіп алған футболшының кетуі әрдайым тосын жаңалық екені рас. Басқа клубқа ауысуын аздап мен түсіне алмадым. Әрине, ол «Ювентусте» титулдарға ие болуы мүмкін. Бәлкім Роналдудың ауысуы бас бапкер Зинедин Зиданның кетуімен де байланысты болуы тиіс. Роналду сияқты ойыншылар кез келген командаға сәйкес келіп жатады. Алайда осы жолы «Ювентус» Роналдудың ойын стиліне келмеуі мүмкін. Оған «Реалдағы» жетістігін Туринде қайталау қиынға соғадыдейді Мостовой.

Роналду «Ювентусті» не үшін таңдады?

«Ювентустің» португалиялықты шақырудағы мақсаты түсінікті. Ал Криштиану не үшін Италияға ауысты. Бұл сұрақ көпшілікті толғандырып жүргені рас. Баспасөз мәжілісінде оған өзі былай жауап берді:

– «Ювентус» маған керемет мүмкіндік берді, мен сол үшін ризамын. Бұл алдыға жылжу. «Ювентустің» жоғары жетістікке жете алатын клуб екенін байқадым. Италияның А Сериясы мен кубогында, Чемпиондар лигасында топ жаруға қауқарлы. Маған осындай клубтың қызығушылық танытқанына, қазіргі кезде осы ұжымның бір мүшесі болғаныма мақтанамын. Енді «Ювентусті» жаңа деңгейге көтеруге өз септігімді тигізе аламын деп үміттенемін, – деп жазады Marca басылымы Роналдудың баспасөз мәжілісінде айтқан сөзін