Сыбайлас жемқорлықпен күресте әдістің барлық түрін қолданған жөн. Қоғам дертімен күресте барлық жол тиімді. Өңірде осы жолда ауқымы кең шаралар ұйымджастырылып жатыр. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті бекіткен жоспарға сәйкес, Ордабасы ауданы "Адал жол - Честный путь" марафонының эстафетасын Төлеби ауданынан қабыл алды. Бір ауданнан екіншісіне өткізу рәсімі кезінде аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Үсенбаев бұл шараның мемлекеттің сыбайластыққа қарсы саясатын насихаттауда, тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда, жастарды адамгершілікке, адал бәсекелестікке баулуда, мемлекеттік қызметкерлердің оң имиджін қалыптастыруда алатын орнын атап өтті. Сонымен қатар, төлебилік әріптестерге шынайы алғысын жеткізіп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Ордабасы ауданында "Адал жол - Честный путь" марафоны 16-27 шілде аралығында өтеді. Бұл жөнінде аудан тұрғындарына хабарланды. Ендігі кезекте марафонның өтуіне барлық мемлекеттік қызметшілермен қатар, аудан тұрғындары, жастар, қоғамдық ұйым өкілдері аса белсенділікпен ат салысады деген ниет бар. Ордабасылықтар - парасыз болашақты қалайды. Сол себепті де осы шараға белсенді қатысуға ықылас білдіріп отыр.