Полиция қызметкерлерін құттықтаған облыс басшысы Амандық Баталов облыста ішкі істер органдарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға зор көңіл бөлініп келе жатқанын тілге тиек етті.
- Тек 2017-2018 жылдардың өзінде ішкі істер органдары үшін жергілікті бюджеттен 28,4 млрд теңге бөлінсе, соның 6,5 млрд теңгесі материалдық-техникалық базаны нығайтуға бағытталды. Учаскелік инспекторлардың жұмыс жеделдігін арттыру үшін тұрғын үймен біріктірілген 66 полиция пункті салынды. 2018-2019 жылдарға тағы 154 пункт салу жоспарланған, сөйтіп мұндай пункттердің саны 220-ға жетеді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде қоғамдық тәртіпті қорғау саласына цифрландыруды енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Қабылданған шаралардың барлығы полиция қызметкерлерінің жұмыс істеу сапасын арттыруға бағытталған. Ішкі істер органдарының жеке құрамына, ардагерлеріне және олардың отбасы мүшелеріне мықты денсаулық, толайым табыс, Отан алдындағы қызметтік міндетін өтеуде жемісті еңбек тілеймін, - дей келе А. Баталов полиция қызметкерлерін құттықтап, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолындағы еңбектері үшін ризашылығын білдірді.
Ынталандыру ретінде полиция қызметкерлеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталып, 100 қызметтік автокөліктің кілті берілді. Бұл көліктер аудандық және қалалық ішкі істер бөлімдерінің учаскелік инспекторларына, жол-патрульдік қызметіне және кезекшілік бөлімдеріне берілетін болады.
Кездесу соңы полиция қызметкерлерінің салтанатты маршы мен концерттік бағдарламаға ұласты