Алғаш рет Altyn Shipager медициналық жүлдесінің иегерлері анықталды.

Қысқаша

Астанада медициналық қызметкерлер күніне орай ұйымдастырылған Altyn Shipager бірінші медициналық жүлдесінің жеңімпаздары анықталды


Ұсынылған статуэтканың негізі Канн кинофестивалінің «Алтын пальма бұтағы» сыйлығынан алынған. Лавр жапырағы денсаулық пен ұзақ ғұмырды білдіреді.

Алғашқы марапаттау кешінде біліктілігімен және кәсібилігімен көзге түскен медицина мамандары «Жыл дәрігері», «Үздік эпидемиолог», «Мамандығына адалдық», «Цифрландыру көшбасшысы», «Денсаулық сақтау ісінің үздік менеджері», «Бірегей ота жасағаны үшін», «Үздік жедел-жәрдем бригадасы» сынды 10 аталым бойынша марапатталды.

Салтанатты шараны ашқан Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев медицина саласына қосқан үлесі үшін ардагер дәрігерлерді марапаттады. Олардың арасында Серік Ақшолақов, Мырзакәрім Алшынбаев, Абай Байгенжин, Нұрлан Батпенов, Валерий Бенберин, Мақсұт Құлжанов, Қадыр Омаров, Юрий Пя, Надежда Петухова бар.

Марапаттау кешінде отандық эстрада жұлдыздары Сүндет Байғожин, Дастан Оразбеков, Бауыржан Исаев, Жеңіс Ысқақова, Алмас Кішкенбаев, «Формат» тобы өнер көрсетті.

Сонымен «Жыл дәрігері» номинациясы №1 қалалық аурухананың отоларингология орталығының жетекшісі Гүлмира Мұхамедиеваға берілсе, «Үздік эпидемиолог» аталымында 20 жылдан астам уақыт бойы қаладағы эпидемиологиялық жағдайды бақылап келе жатқан Сархат Бейсенова жеңімпаз атанды.

Сондай-ақ, медицина қызметкерлері күнінде белгілі опера әншісі Сүндет Байғожин де арнайы марапатқа ие болды. Бұл ерекше жүлде әншіге науқастарға қол ұшын созып, қайырымдылық жасағаны үшін табысталды.

Ал «Диагностика мен емдеудің жаңа әдісін енгізгені үшін» номинациясында онкологиялық орталықтың Бас және мойын қатерлі ісігі бөлімінің меңгерушісі Дархан Ахмедин жеңіске жетті.

Сонымен қатар ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолова «Мамандыққа адалдық» аталымының жеңімпазын марапаттады. Аталған жүлде медицина ғылымдарының кандидаты, «Астана медицина университеті» АҚ Денсаулық сақтаудағы менеджмент және сараптамалық қызмет доценті Балаби Айғожинге бұйырды.

Сондай-ақ Altyn Shipager бірінші медициналық жүлдесінің «Денсаулық сақтау ісінің үздік менеджері» номинацисында №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Ли Иван жеңіске жетсе, «Цифрландыру көшбасшысы» номинациясында №8 қалалық аурухананың бас дәрігер Айгүл Қасымова үздіктердің қатарынан көрінді.

«Бірегей ота жасағаны үшін» номинациясында №1 перинаталды орталығы неонаталды хирургия бөлімінің жетекшісі, білікті дәрігер Асылжан Ерекешев жеңімпаз атанды.

«Жеке медициналық қызметті үздік жеткізуші» ретінде «Салауатты Астана» медициналық орталығы танылды. Аталған орталықты Лэйла Ишбаева басқарады.

Сонымен қатар «Үздік жедел-жәрдем бригадасы» номинациясында Тимур Сейтенов, Қайрат Құдабаев, Бекзат Кулбабайға беріліп, олардың еңбегі жоғары бағаланды.

Ал «Ақпараттық серіктес» номинациясында «Хабар.24» телеарнасы жеңіске жетті.

Altyn Shipager бірінші медициналық жүлдесінің «телеарнаның арнайы сыйлығы – Абзал жан» номинациясы Алтыншаш Табылдинаға берілді.