Бүгінгі Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев 2018-2027 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
«Етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жан-жақты дамыту мақсатында аймақтық семинар кеңестер өткіздік. Оған аймақтардан шаруа қожалықтарының басшыларын, аудан әкімдерінің орынбасарларын жұмылдырдық. Негізгі семинар кеңестерді батыс өңірде Ақтөбе облысында, орталықта Ақмола облысында, оңтүстікте Алматы облысында жинап өткіздік. Сонымен бірге бірқатар халықаралық институтпен бағдарламаны талқылап, олардың ұсыныстарын ескердік», - деді Евниев.
Оның айтуынша, министрлік ауыл шаруашылығы саласының стратегиялық даму бағыттарына талдау жүргізіп, нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа және импорттық алмастыруға бағытталған 15 басым бағыт анықталған. Бірінші кезекте етті ірі қара мал мен қой шаруашылығының әлеуеті жоғары болып отыр.
«Кең-байтақ жайылым алқаптары мен суармалы жерлер, мал шаруашылығымен айналысу қанмен дарыған кәсіп түрі біздің артықшылығымыз болып отыр. Осы саланы дамытуға бүгінгі таңда барлық ресурс жеткілікті: жайылым жер көлемі 180 млн гектар, ал біз әлемде жайылым жер көлемі бойынша 5-орындамыз. 110 млн га алқап жер асты және жер үсті су көздерімен қамтылған. Соңғы бес жылда 6 млн га алқабы суландырылды. 2 млн га жерді суландыруға су көздері бар», - деді ол.
Вице-министр жалпы ел тұрғындарының 45% ауылдық жерлерде өмір сүретін болғандықтан ауыл тұрғындарының басым көпшілігі осы бағдарлама аясында жұмыспен қамтылатынын атап өтті.
«Бағдарламаны жүзеге асыру: жаңа мал өсіруші фермер класын құруға; фермерлік шаруашылық санын 20 мыңнан 100 мыңға дейін өсіруге; ауыл тұрғындарына жұмыс орындарын 100 мыңнан 500 мыңға дейін ұлғайтуға; ірі қара мал санын 7 миллионнан 15 млн басқа дейін көбейтуге; сиыр және қой еті өндірісін 600 мың тоннадан 1,6 млн тоннаға дейін арттыруға; экспорттан түсетін пайда көлемін 2,4 млрд АҚШ долларына дейін ұлғайтуға; бір жұмысшының еңбекке өнімділігін 1000-нан 8000 АҚШ долларына дейін өсіруге негіз болады», - деді ол.