Шымкенттегі сауда орталықтарында денсаулық күні өтуде

Қысқаша

Шымкенттегі сауда орталықтарында денсаулық күні өтуде

Шымкенттегі ірі сауда орталықтарында дәрігерлер тұрғындарды қабылдай бастады. ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған денсаулық күні аясында «Шымкент-Плаза», «Мега-Планет», «Север» сауда ойын-сауық орталықтарының қызметкерлері мен қала тұрғындарын бейінді мамандар тегін қабылдап, медициналық көмек көрсетеді. Биылғы денсаулық күнінің басты тақырыбы – «Дені саудың – жаны сау» атты ұранмен ұйымдастырылып отыр.  

image.png

Қаладағы адам көп шоғырланатын сауда орталығының біріне арнайы келген қалалық №1 емхананың бас дәрігері Махамбет Бейсеуов пандемия кезінде  денсаулық күнінің аталып өтуі маңызды екенін айтты. 

– Қоғамдық орында медицина мамандарының қабылдау жұмыстары сағат 10:00 мен 18:00 аралығында жүреді. Кез-келген қала тұрғыны орталыққа келіп дәрігердің тексеруінен өте алады. Таңғы уақыттан бері 50-ден астам адам келіп, денсаулығына қатысты шағымдарын дәрігерлерге айтып, тегін кеңес алды. Бізде педиатр, кардиолог, нефролог, окулист, терапевт, невропатолог дәрігелері консультация беріп жатыр. Акцияның бір ерекшелігі келушілерге дәрігерлердің қабылдауына жазылу міндеттелмейді. Кейбір бейінді медицина қызметкерлері құрылғыларының болмауына байланысты келе алмады, - деді бас дәрігер. 

Сауда орталығында жұмыс істейтін Еділ Ақбаев дәрігерлердің кеңесіне жүгініп, медицина саласының мамандарына алғысын білдірді.

– Көбіне жұмыстан қол босамай денсаулығымызға көңіл бөлмей кететініміз бар. Орталығымызға дәрігерлердің өзі іздеп келіп тұрғанда, мұндай мүкіндікті жібермейін деп кардиолог, окулисттің кеңесін алдым. Көзім мен жүрегім мазалайтын. Емханаларға барсақ кезек көп болады. Алдын ала жазылу арқылы қабылдайды. Бұл жерде іздеген дәрігерлерімнің келгені қунатып тұр. Қолыма рецепт жазып берді. Енді ем қабылдап, денсаулығымызға да қараймыз. Осындай акциялар жиі болып тұрса, халық үшін пайдалы ғой, - деді ол.

Денсаулық күнінің аясында қаланың шалғай аудандарында да бейінді мамандардың тексеруі өтуде. Атап айтқанда, №11 қалалық емханасына қарасты «Ақтас» дәрігерлік амбулаториясында №10 қалалық емханасына қарасты «Қайнар» ФАП-де, №12 қалалық емханасына қарасты «Шапырашты» дәрігерлік амбулаториясында, №7 қалалық емханасына қарасты «Тоғыс» дәрігерлік амбулаториясында халыққа медициналық көмек көрсетуде.