Үшінші мегаполисте өзіндік орны қалыптасып келе жатқан қорғасын және мыс өнімдерін шығаратын зауыт қала экономикасының дамуына үлес қосып келеді.
«Оңтүстік» индустриялды аймағында орналасқан кәсіпорын жылына 12 000 тонна қара қорғасын және 1 600 тонна қара мыс өндіруге қауқарлы. «Шымкент Смелтинг» ЖШС-гі қорғасын және мыс өнімдерін өндірумен қатар түсті металл мен арматура өндірісінің технологиялық желісі бар.
Өндіріс ошағындағы Қытай технологиясымен жабдықталған пештер металдарды өндіруде экологияға зиянды қалдықтарды шығармайды. Жобаның жалпы құны 2 млрд теңгені құрайды. Бүгінгі таңда 200 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыт қорғасын өнімін Өскемен қаласына, ал, қара мысты Ресей еліне жөнелтеді.
Жалпы «Оңтүстік» индустриялды аймағы 2010 жылы құрылған. Бұл республиканың ең алғашқы өнеркәсіптік алаңы. Жалпы ауданы 337 гектарды құрайды. Портфолиосы шамамен 90 млрд теңгені құрайтын 87 жобадан тұрады. 7300 адам жұмыс істейді.
Айта кетейік, жалпы қала аумағында өткен жылы 21 жоба жоспарланып, жүзеге асқан болатын.