Шымкенттегі №4 мектептің оқушылары коронавирусқа қарсы вакцина алды. Жасы 12 жастан асқан жеткіншектерге америкалық Pfizer компаниясының препараты салынды. Осы мақсатта оқу орнындағы медициналық пункті арнайы дайындалып, вакциналауды оқушыларға қалалық №2 емхананың қызметкерлері жүргізді.
– Алғашқы күні 6 оқушы екпе алды. Бұл мектепке алғаш рет келіп отырмыз. Алдымен ата-аналарға ақпараттар жіберіп, содан кейін өздерімен сөйлестік. Вакцинаның маңызын түсіндірдік. Одан кейінгі маңызды мәселе – балаларға психологиялық қолдау көрсету. Айта кетейік, оқушылар қобалжыған жоқ, ата-аналарының қолдауы білінеді. Екпе алған балалармен байланыста болады, 3 күн бойы емханамыздың қызметкерлері хабарласып, жағдайын біліп тұрады, – дейді №2 емхананың психологы Гүлмира Әбілдаева.
Екпе алған балалар медициналық кабинетте 20 минуттай отырып, дәрігерлердің бақылауында болды. Оларға ыстық шай мен шоколад берілді. Айта кетейік, екпе алған балалар сабақтан үш күнге босатылады.