Шетелдік ғалымдар дәріс оқуда

Қысқаша

Шетелдік ғалымдар дәріс оқуда

Screenshot_1.jpg

Ұстаз – білім беруші ғана емес, тәрбие мен адами құндылықтарды бойға сіңіртетін тұлға. Бір ұстаз мектепте 45 минутта орта есеппен жиырма балаға, ал оқытушы университет қабырғасында 50 минутта алпыс студентке тәлім бере алады. Бұл қарапайым мысал, мұнан өзге дәріс уақытынан тыс мұғалімдерге жүктелген міндет пен жауапкершіліктің жүгі жеңіл емес. Еліміз енді ғана мұғалімдердің жалақысын көтеруді, артық жұмыстарды жүктемеуді, қағазбастылыққа жол бермеуді қолға алып отыр. Осы орайда Білім және ғылым министрлігі тарапынан «педагог мәртебесіне» көптеп көңіл бөлінуде. Мұның бір дәлелі жуырда Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің басқарма төрайымы – ректор Қайырбекова Анар Мерекеқызының шешімімен оқытушы-профессорлар құрамының айлық жалақысы бюджеттен тыс қаржы есебінен 30 пайызға өсті. 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың білім беру сапасын арттыру және педагогтарды қолдау туралы тапсырмасына сәйкес, Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов мемлекеттік жоғары оқу орындары ректорларына оқытушыларының еңбекақыларын 2020 жылдың 10 қаңтарына дейін арттыру міндетін жүктеген болатын. ОҚМПУ ректоры Анар Мерекеқызы оқытушылар айлығының өсуі ұстаздың қоғам алдындағы беделін арттырады деп есептейді. Болашақ педагогтар даярланатын тарихы терең оқу ордасының оқытушы-профессорлары университет басшысына өз ризашылықтарын білдіріп, білім-ғылымды дамытуда аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізуде.

Университетте мереке сайын түрлі іс-шаралар, ғылыми конференциялар, форумдар өтіп тұрады. Және студенттер үшін шетелден арнайы келіп, дәріс оқитын ғалымдар да бар. Мәселен, Ресей ғылым академиясы тіл меңгеру институты  этнопсихолингвистика секторының меңгерушісі,  филология ғылымының кандидаты Ольга Балясникова ОҚМПУ-нің филолог студенттеріне дәріс оқып кетті. Сонымен қатар, қазіргі уақытта студенттер Испанияның  Хавьер Родригес Иларри атындағы политехникалық университеті профессорынан дәріс тыңдауда. Білім ордасы шетелдік ғалымды жаратылыстану факультеттері,  химия және биология мамандығын игеріп жатқан жастарға білім беру ісіне  шетелдік мамандарды қатыстыру мемлекеттік бағдарламасы аясында шақырып отыр. Испандық ғалым  енді университет студенттеріне  ай бойы дәріс оқиды.  Мұндай әріптестік академиялық ұтқырлықты дамытып, халықаралық  байланыстарды нығайта түспек.

Сондай-ақ, ОҚМПУ спорт саласынан да құралақан емес. Студенттердің арасында еліміздің абыройын асқақтатып жүрген чемпиондар да бар. Мысалы, гир көтеруден Сербияда өткен әлем чемпионатында 1курс студенті Медет Әуесбек күміс медаль еншілесе, Румынияда өткен әлем чемпионатында армрестлингтен Қаржау Есболат, Ләззат Мәлікайдар, Нұрхат Қалдарбек және Мақпал Зиядулла алтыннан алқа таққан болатын. Студенттердің спортпен шұғылдануына, жалпы толыққанды тәлім-тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі де университет басшылығының басты назарында. Бұл орайда, өткен жылдың соңында «Нұрсәт» мөлтекауданында    241 орынға лайықталған студенттер жатақханасы пайдалануға берілді.