Шымкент қаласы Полиция департаментінің Абай ауданы Полиция басқармасының кәмелет жасқа толмағандар жөніндегі мектеп инспекторы полиция капитаны Хурсан Атажанов Терешкова атындағы №93 жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларына «Жасөспірім және қылмыс» тақырыбында сабақ өткізді. Онда оқушылардың сабаққа толығымен қатысуын және түнгі уақытта ата-анасыз немесе заңды өкілдерінсіз жүрмеуін қадағалау мақсатында ойынханалар, мешіттер, көңіл көтеретін орындарға рейд жүргізілетіні айтылды. Жасөспірім балалардың туыстарына айтпай, үйден жыраққа шығып кету жайттарының соңы баланың жоғалуына әкеп соғуда.
«Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі - балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі – олардың нақты бір мақсат-мүддесінің жоқтығы. Бұл тұрғыда ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына жеткілікті көңіл бөлмейтіндігін де айта кету керек. Жалпы құқық тәртібін бұзуға бейім балалар, қоғамдық тәртіпті бұзған, қылмыс жасап ішкі істер бөлімдерінде есепте тұрған балалардың басым бөлігі жайсыз отбасылардан шыққан. Ал, енді бір тобы кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып,мектептен бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауынан орын алады», - дейді ювеналды полиция өкілдері.