Түркістанға туристер легі ағылатын күн туды

Қысқаша

Бүгін Түркістан үшін ақ түйенің қарны жарылған ерекше күн! Себебі, бүгін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кірді. Бұл деген – жуықта Түркістанға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылады деген сөз.

133.jpgБүгін Түркістан үшін ақ түйенің қарны жарылған ерекше күн! Себебі, бүгін Қожа Ахмет Ясауи кесенесі туристер үшін ерекше тартымды нысандардың бүкіләлемдік тізіміне кірді. Бұл деген – жуықта Түркістанға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылады деген сөз. Осы арқылы біздің мемлекет экономикалық ахуалын реттеп, дүние жүзі алдында имиджін арттырады. 

Бүгін облыс орталығында «Көне Түркістан  – жаңа мүмкіндіктер» атты Халықаралық инвестициялық жəне туристік форумда Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Владимир Пискурев аталған кесененің тізімге енгенін хабарлап, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевқа мәртебелі сертификатты салтанатты түрде тапсырды.

– Бүгінгі күнді түркістандықтар үшін қуанышты сәт деп айтуға болады. Себебі, туризмнің тартымдылығы мен тұрақты туризмді дамыту жөніндегі халықаралық комитетінде осы облыстағы үш бірдей тарихи нысанға (Арыстан баб кесенесі мен көне Отырар) халықаралық деңгейдегі мәртебе беріліп отыр. Мұндай қорытынды шығару үшін мыңдаған адамның арасында сауалнама жүргізіледі. Аталған нысандар комитеттегі барлық мемлекеттер тарапынан қолдауға ие болды. Осы ретте айта кетерлігі, бұрын-соңды бір өңірден құндылығы жоғары мұндай бірнеше тарихи орын шықпаған, – деді Владимир Пискурев.

Өз кезегінде облыс әкімі Жансейіт Түймебаев:

– Бұл мәртебе жаңадан құрылған Түркістан облысының туристік әлеуетін көтеруге зор ықпал етеді. Бір облыстан бірден үш нысанның халықаралық деңгейде мойындалуы біздің ғана емес, Қазақстанның мақтанышы екені даусыз. Туризм саласы да ел эконоикасына қомақты үлес қосатын кез алыс емес, - деді.

Осылайша, Түркістан туристерді қабылдауға білек сыбана кірісіп кетті.