Түркістан төрінде өз миссиясын орындаған форум

Қысқаша

Өз ісін дөңгелетіп алып кете алатын іскер әкім өзі басқаратын өңірге инвестиция тартумен ерекшеленеді. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аталған облысқа бекерге алғашқы әкім болып тағайындалмағанын іспен дәлелдеп келеді.

132.jpgӨз ісін дөңгелетіп алып кете алатын іскер әкім өзі басқаратын өңірге инвестиция тартумен ерекшеленеді. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев аталған облысқа бекерге алғашқы әкім болып тағайындалмағанын іспен дәлелдеп келеді. 

Бұған дәлел, бүгін Түркістан қаласында Жансейіт Қансейітұлының ұйымдастыруымен «Көне Түркістан  – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық жəне туристік форум басталды. Форумға Еуропа елдерінен, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапур, Иран,  Малайзия, Пәкістан, Өзбекстан т.б.  мемлекеттерден 250-ден астам делегат келді. Форум барысында облыс әкімі:

- Бүгінде Түркістанға мемлекет тарапынан жалпы құны 2 млрд. АҚШ долларын құрайтын инвестиция құю жоспарланып отыр. Яғни, мұнда әуежай, әкімшілік - іскерлік орталығы және тұрғын үйлер бой көтеріп, Түркістан заманауи үлгідегі технология енгізілген ақылды қалаға айналатыны сөзсіз. Қазірдің өзінде өңірдің экономикалық даму мүмкіндігіне қаныққан отандық және түрік компаниялары 100 млн. АҚШ долларынан асатын қаржы салып, 5 жұлдызды қонақ үйлер, ойын-сауық сауда орындары мен фитнес орталықтар ашуды көздеп отыр, - деп айтты.

Сонымен, форум аясында құны 1,7 млрд. АҚШ долларды құрайтын 19 меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Түркістан облысы әкімдігі мен Иран, Түркия, Чехия, Ресей, БАӘ, Малайзия, Италия, Польша, Қытай мемлекеттерінің инвесторлары арасында келісімдер жасалды.

Жансейіт Түймебаев Иранның «Ardabil Petrochemical Co» компаниясымен жалпы құны 205 млн. долларды құрайтын Онкологиялық орталық пен мұнай өңдеу зауытын салу жөнінде меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, қытайлық «Changchun Longyuan Power Equipment Co. LTD» компаниясымен Энергетикалық құрылғылар мен бұйымдар жасау жөнінде құны 648 млн. АҚШ доллары көлеміндегі уағдаластыққа қол жеткізілді. Ал Ресейдің «Green Land Alatau»  ЖШС-і 180 млн. АҚШ долларына жылыжай кешенінің құрылысын жүргізетін болды.