Торқалы тойда аудан жетістіктері паш етілді

Қысқаша

Бүгін Түркістан облысының шығыс қақпасы атанған, Алаштың айбыны Тұрар Рысқұлов, белгілі жазушы-журналист Шерхан Мұртаза секілді шоғырлы таланттарды дүниеге алып келген Түлкібас өңірінің 90 жылдық мерейтойы дүбірлеп атап өтілді. Өңірдің 90-жылдық торқалы

131.jpgБүгін Түркістан облысының шығыс қақпасы атанған,  Алаштың айбыны Тұрар Рысқұлов, белгілі жазушы-журналист Шерхан Мұртаза секілді шоғырлы таланттарды дүниеге алып келген Түлкібас өңірінің 90 жылдық мерейтойы дүбірлеп атап өтілді. Өңірдің 90-жылдық торқалы тойына арнайы ат басын бұрып келген облыс әкімі Ж.Түймебаев аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.

- Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті орындары, киелі жерлері туралы ерекше жазған. Түркістан облысында қасиетті де киелі орындар көп. Биыл біздің өңірде бірнеше аудан өздерінің тоқсан жылдығын атап өтеді. Осы аудан, аймақтардың бәрі де киелі, қасиетті. Солардың бірі әрі бірегейі — Түлкібас ауданы, Түркібасы аймағы Қаратау мен Алатаудың түйіскен төрі. Тарихы терең, табиғаты таңғажайып Түлкібас ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Елбасымыз айтқандай, тойды да тойлау керек, ойды да ойлау керек. Әрбір той, жаңа жұмыстардың толағай, тірліктердің бастауы болуы тиіс, - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Мерекелік бағдарлама Түлкібас темір жол станциясында ұлтымыздың көрнекті қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының негізін салған  Мұхамеджан Тынышбаев пен даңқты тұлға Тұрар Рысқұлов ескерткішінің салтанатты ашылуымен жалғасты. Ескерткіштің ашылу салтанатында тебірене сөз сөйлеген қонақтар қос тұлғаның өмірінен қызықты да тағылымды деректерді келтірді. Дүниежүзілік Қазақтар қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков: 

- Тұрар Рысқұлов 25 жасында 5 мемлекетті билеген. Ташкенттегі Орталық атқару комитетіне төрағалық еткен. Фрунзе Ленинге жазған хатында ол жайлы  «недюжинной силы ума человек» деп пікір білдірген. Қазақта  «Тұрар болмаса  Мұхтар жоқ,  Мұхтар болмаса Абай жоқ» деген сөз бар. Себебі  Мұхтар Әуезов  абақтыға жабылғанда оны босатқан Рысқұлов болатын. Кейіннен даңқты  жазушы  Тұрар Рысқұловтың әкесі жөнінде «Қараш-қараш» атты әйгілі  шығармасын жазған, - деп, қос тұлғаға құрмет көрсетіп, еңселі ескерткіш тұрғызған жергілікті әкімдікке ризашылығын білдірді.  

Жазушы Шерхан Мұртаза «Тұлпарлар туған жер, сұңқарлар қонған жер» деп атап кеткен Түлкібас ауданындағы дүбірлі тойда қайта жөндеуден өткен «Түркібасы әулиесі» кесенесі көпшілікке паш етілді. Әйгілі Ұлы Жібек жолының бойында, шежірелі Қаратау мен Алатаудың төс түйістірген тұсындағы бұл кесене «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы киелі мекендердің тізіміне енген.   Осында саяхаттап келушілер саны жыл сайын артып келеді.   

Мерекелік бағдарлама аясында Тұрар Рысқұлов ауылының батыс бөлігіндегі көпір мен орталық саябақтың ашылу рәсімі болып өтті.  Сонымен қатар осы іс-шараға арнайы келіп қатысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев 90-жылдық мерекеге орай медицина қызметкерлеріне жедел жәрдем көлігінің кілтін тапсырды.