Жақында Түркістан облысының әкімдігі игі істі қолға алды. Олар көмекке мұқтаж халыққа қарлығаш секілді қанатымен су себеп жүрген журналистер қауымына алыс ауыл-аудан, қалаларға пресс тур ұйымдастырды. Осылайша, олар журналистерге халықтың мұң-мұқтажымен танысуға жағдай жасады.
Пресс турдан белгілі болғандай, Түркістан өңірінде аяғынан тік тұрып, қанатын кеңге жайып келе жатқан өндіріс орындарының саны артып келеді екен. Мысалы, Арыс қаласына баспасөз турымен барған БАҚ өкілдері Ақдала ауыл округіндегі «Қазына LTD» ЖШС-нің жұмысымен танысты.
Әрине, бірден жұмыс бастап кету қиын. Осы жерде қолдарында нақты бизнес жобалары бар кәсіпкерлерге мемлекет барынша қолдау көрсетеді. Нәтижесіне, өз жобаларының қайтарымы бар екенін дәлелдеген кәсіпорынға 2012 жылы «ҚазАгроҚаржы» арқылы 1,87 млрд. теңге жұмсалған. Сонымен қатар кәсіпкер жеке қаражаты есебінен 330 млн. теңгені айналымға салған.
«Қазына LTD» ЖШС-нің мәлімдеуінше, қазір мұнда 870 бас ірі қара бар. Әр сиырдан тәулігіне 21 литр сүт сауылады. Сауылған сүт тиісті жерлерге тұрақты түрде жеткізіліп тұрады.
870 бас ірі қараны асыру оңай емес. Бірақ, бұл серіктестік малға ем-шөп тауып беруден қиналған. Себебі, аталған ЖШС өзіне тиесілі 3 мың гектар жердің 2 мың гектарына бидай, жүгері және жоңышқа егеді. Оны маусымдық кезде қосымша жұмыс күшін шақыртып, оларға келісілген қаржысын беріп, бітік шыққан өнімдерін теріп алады.
Бүгінде жүзге жуық тұрғынды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында жұмышылардың орташа айлық жалақысы — 70 мың теңге. Бұл жалақы қала тұрғындарының орташа деңгейде өмір сүрулеріне жетеді.