Түркістанға инвестиция құюшылар қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұл да болса өңірдің болашағы жарқын, экономикалық әлеуеті зор екендігін білдіреді. Егер өңірде кәсіпкерлерге тиімді жағдай жасалмаса, олар мұнда инвестиция салмас еді.
Оыған дәлел, бүгін облыс әкімі Жансейіт Түймебаев Үндістанның 90 пайызын құс етімен қамтып отырған «VENKY'S» компаниясының өкілдерімен кездесті. Бұл жөнінде облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Кездесуде өңір басшысы облысымызда ауыл шаруашылығы саласын дамытуға толық мүмкінік бар екенін жеткізді.
— Түркістан облысы Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Өңірден Батыс Еуропа – Батыс Қытай Қытай магистралі өтеді. Жұмыс күші көп әрі табиғаты шаруашылыққа қолайлы. Бірнеше құс фабрикасы бар. Біз әкімдік тарапынан құс шаруашылығын дамытып, кластер құруға әрдайым қолдау көрсетуге дайынбыз. Егер инвесторлар келетін болса, жер және инфрақұрылым мәселесіне де көмек көрсетіледі. Екіжақты жобалар Үндістанға да, Қазақстанға да пайдалы болады деп ойлаймын. Бірлесіп жұмыс істеуге әзірміз, — деді Ж.Түймебаев.
Ал, «Venkateshwara Hatcheries Private Limited» (VH group) компаниясының операциялар жөніндегі бас директоры Муртуза Али Исмаил келіссөздер сәтті аяқталса, Түркістан облысында жұмыс бастауға дайын екенін мәлімдеді. Дәлірек айтсақ, «Ордабасы құс» және «Шымкент құс» ЖШС-імен де біріккен жобаларды жүзеге асыруды көздеп отыр.
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев құс шаруашылығын халықаралық деңгейге көтеру арқылы экспорт көлемін арттыруға болатынын айтып, осы салаға жауапты орынбасарларына үндістандық инвестормен іскерлік байланысты нақтылауды тапсырды.