Жалақының берілуінде көлеңкелі жайттар болмайды

Қысқаша

Елімізде жемқорлықпен күрес күшейіп келеді. Нәтижесінде көптеген тың жобалар қолға алынып, сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіліп жатыр.

124.jpgЕлімізде жемқорлықпен күрес күшейіп келеді. Нәтижесінде көптеген тың жобалар қолға алынып, сыбайлас жемқорлықтың жолы кесіліп жатыр. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы тиісті қадамдарды жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік қызметкерлерге жалақы факторлық-балдық шкала бойынша төленетін болады. Нәтижесінде қызметкерлердің жауапкершілігі, дербестігі, тәжірибесі, арнайы білімі, жүктемесі секілді факторлар ескеріліп, жалақы тағайындалады. Бұл туралы бүгін Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Ғалым Тұрсынбаев хабарлады. 

- Бұған дейін орталық және аудан деңгейіндегі мемлекеттік қызметшілердің, сондай-ақ, мемлекеттік және жеке секторларда қызметшіге еңбекақы төлеуде теңсіздік болды. Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі анықталған мәселелерді жояды. Бұл жүйе факторлы-балдық шкала негізіндегі тұрақты бөлік пен бонустардан тұрады. Мұндай жүйелер АҚШ, Сингапур, Жаңа Зеландия сынды озық елдерде және де БҰҰ, Дүниежүзілік пен Азиялық даму банктерінде қолданылады. Қазақстанда осы әдістеме бірқатар жеке және квазимемлекеттік секторлар енгізілген, -  дейді департамент басшысы. 

Енді аталған жүйе мемлекеттік қызметшілердің өз істеріне үлкен жауапкершілікпен қарап, сапалы жұмыс істеуіне жетелейді. Бұған қоса, жыл соңында жұмыс нәтижесінің тиімділігіне сәйкес қосымша бонустар берілмек.