Түркістан тотыдай түрленеді

Қысқаша

Өз елінің тау-тасын, ең соңы инесінің сынығын құрметтемеген мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болмақ. Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында киелі де қасиетті жерлерді қастерлеу керектігін айтқан болатын.

411.jpgӨз елінің тау-тасын, ең соңы инесінің сынығын құрметтемеген мемлекеттің болашағы бұлыңғыр болмақ. Елбасы Н.Назарбаев «Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында киелі де қасиетті жерлерді қастерлеу керектігін айтқан болатын. Осындай мекендерді түлету үшін нақты қандай іс-шаралар өтізу керектігіне де тоқталған еді.

Елбасы тапсырмасына орай, бүгін Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаев облыс орталығында Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани-мәдени орталығы ретінде дамыту керектігі жөнінде арнайы жиын өткізді. 

Басқосуда сөз бастаған аймақ басшысы 1500 жылдан астам тарихы бар Түркістанның өткенінен аз-кем сыр шертті. Қазақ хандығының астанасы болған бұл мекен бүкіл түркі әлемінің де  рухани-мәдени астанасы бола білгенін жеткізді. Сонымен қатар, аталған тарихи шаһарды Елбасының тапсырмасына сәйкес,  Қазақстанның рухани орталығы бағытында жандандыру жайына тоқталды.

«Түркістан қаласында бой көтеретін тұрғын үйлер көп қабатты болмайды. Себебі, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің биіктігінен аспау керек. Барлық жерде мавзолей мүмкіндігінше көрініп тұруы қажет. Сондай-ақ, баспаналар Орта-Азиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынуы тиіс. Сонда еліміздегі, кем дегенде, бір қала осындай ескі келбетпен бой көтереді»,-деді Ж.Түймебаев.

Түркістан қаласын туристер үшін қолайлы  аймаққа айналдыру мәселесін сөз еткен өңір басшысы мұнда жаңадан әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал және қонақ үйлер, дәмханалар салынатынын атап өтті.