Газ, су, жарығы бар елдімекен тұрғынының жүзі жарық

Қысқаша

Кез-келген тұрғын әкімдік тарапынан ең бірінші кезекте инфрақұрылым жұмыстарын күтеді. Газ, су, жарық келіп тұрған жерде еш қиналмай өмір сүруге болады. Сондықтан да, тұрғындарға аталған жағдайды жасау басты назарда.

413.jpgКез-келген тұрғын әкімдік тарапынан ең бірінші кезекте инфрақұрылым жұмыстарын күтеді. Газ, су, жарық келіп тұрған жерде еш қиналмай өмір сүруге болады. Сондықтан да, тұрғындарға аталған жағдайды жасау басты назарда. 

Биыл Отырар ауданындағы 22 елді мекенге көгілдір отын тартылады. Нәтижесінде 2 мың отбасы, яғни аудан халқының шамамен 80 пайызы табиғи газбен қамтылатын болады. Келесі жылы тағы 7 ауыл от жағып, күл шығарудан арылады. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев ауданға жасаған сапары кезінде мәлімдеді.

Аудан тұрғындарымен кездескен аймақ басшысы газдандыру мәселесіне байланысты атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндап өтті.

– Бүгінге дейін Отырар ауданында табиғи газ болмаған. Міне, осы мәселені шешу үшін тиісті шаралар атқарылуда. Биыл Шәуілдір және Темір ауылдарында құрылыс жұмыстары кестеге сәйкес қарқынды жүріп жатыр. Мұнан бөлек Ш.Қалдаяқов, Ескі Шілік, Жаңа Шілік және Ақтөбе елді мекендерін газдандыру жұмыстарына қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жақын күндері басталғалы тұр. Жалпы айтқанда көп ұзатпай ауданды толық газбен қамтуды ойлап отырмыз, – деді облыс әкімі.

Қазіргі таңда Сырдарияның сол жағалауындағы 12 елді мекенді газдандыруға жобалық сметалық құжатын дайындау үшін сәулет жоспарлау тапсырмасы дайындалып, облыстық бюджетке ұсынылған.