Түркістанда қолөнершілер жәрмеңкесі өтуде

Қысқаша

Түркістанда қолөнершілер жәрмеңкесі өтуде

Түркістанда «Craftsman-2019» халықаралық қолөнершілер жәрмеңкесі өтуде. Жәрмеңкеге Иран, Үндістан, Ресей Федерациясы, Ауғанстан, Өзбекстан, Түркия, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан, Тәжікстан, Башқұртстан, Якутия елдерінен 200-ге жуық қолөнерші қатысуда. 

 Ұлттық өнеріміздің алтын ар­қауының бірі саналатын қол­өнер­шілер Түркістан экономикасын көтеруде өте маңызды рөл ойнайды. Оның себебі Түркістан түркі елінің астанасы, еліміздің рухани астанасы, қалаға келуші туристердің саны күннен-күнге артып келеді. Әрине қалаға келуші қонақтар Түркістанның иісі сіңген қолөнер бұйымын өзімен арқалай кететіні анық. Ол дегеніміз шеберханасын ашып, кәсібімен күнелтіп отырған шеберлер үшін де үлкен мүмкіндік саналады.

Республика деңгейінде ұйымдастырылып отырған халықаралық қолөнершілер жәрмеңкесі қалада алғаш рет өтуде. Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық жәрмеңке ұлттық қолөнерді дамыту арқылы Ұлы Жібек жолының бойындағы Түркістан қаласын әлемдік деңгейдегі ірі ұлттық қолөнер орталығына айналдыру мен этникалық туризмді дамыту мақсатында өтуде. Іс-шара аясында алаша тоқудан, керамика, тері, темір және шыныдан қолөнер бұйымдарын жасау бойынша шеберлік сабақтары өтіп, қазақтың ұлттық киімдерінің көрсетілімі ұсынылады деп күтілуде.

Ауқымды шараға сонымен бірге ҚР «Қолөнершілер бірлестігі», Нұр-Сұлтан қаласының «Қадам өнер орталығы», «Дешті Арт» бірлестігінің, «Әзербайжан Республикасының Президенті жанындағы Азаматтарға қызмет көрсету және әлеуметтік инновация мемлекеттік агенттігі жанындағы ABAD» қоғамдық құқықтық заңды тұлғасы мен Қырғызстан Республикасының «Алаш» қолөнершілер бірлестігі де арнайы шақырылған.