Кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренемін деушілерге есік ашық

Қысқаша

Кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренемін деушілерге есік ашық

Znalezione obrazy dla zapytania атамекен

Қазіргі таңда кәсіп бастауға ниетті жандарға мүмкіндік көп. Мемлекет әрекет жасаған адамның барлығына да қол ұшын созуда. Екі қолға бір күрек таппай жүргендерді алдымен оқытып, мамандық игертіп, тіпті оларға шәкіртақы төлеп, қолдарына диплом ұстатқан соң жұмыспен қамтуды да қолға алды. Ал, жеке кәсіп бастаушыларға қайтарымсыз грант, жеңілдетілген несие беріледі. Бұл дегеніміз бір шетінен халықты үкімет өлтірмейді дейтін масылдықтан арылтып, еңбекпен ақша тауып, өз арбасын өзі сүйреуге бейімдеу. Шүкір, нәтижесі жаман емес. Халық бұған да үйреніп қалды. Алайда, тұрғындар арасында әлі де осындай мол мүмкіндіктің бар екенін біле бермейтіндер көп. 

Қала әкімі Рашид Аюпов айтқандай Түркістан бизнесін бастаймын деушіге қолайлы аймақ. Неге? Себебеі қала өте жас. кез келген жаңа ашылған бизнес мемлекет тарапынан қандай да бір көмек ала алады. Ол үшін қазір көптеген бағдарламалар жұмыс істейді.

Қазіргі таңда «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құзыреті кеңейді.

Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаев бүгінде әлеуметтік бағытты да қамтып отырғанын айтады. «ҚР Премьер-министрі А.Маминнің халықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған шараларды іске асыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында, сондай-ақ «Бастау-бизнес» және «Жас кәсіпкерлер» бағдарламасы арқылы бос жұмыс орындарын толтырудың белсенді форматына көше отырып, халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмысын жетілдірмек. Білесіздер, қазір атаулы әлеуметтік көмек алушылардың басым бөлігі Түркістан мен Шымкент қаласында тұрады» деді ол.

Жоспар бойынша «Атамекен» қолдау орталығы жыл соңына дейін 500 адамды жұмыспен қамтуы қажет екен. «Мұнда біздің мамандар тұрғындарға түрлі сұрақтар бойынша жауап береді. Мемлекеттік қолдаулар, гранттар және тегін оқулар туралы ақпарат алады. Өзін жоғалтып алған жандарға психологиялық көмек көрсетіліп, бағыт-бағдар сілтейді. Сонымен қатар, тікелей жұмыспен қамтуды үйлестіруді де жүзеге асырамыз. Біз кәсіпорындарға сауалнама арқылы қандай мамандар қажет екенін біліп, базасын құрып қойғанбыз. Қазіргі таңда шымкенттік бизнесмендер 2500-дей жұмыс күшін қажет етеді. Яғни мобильді орталыққа жұмыс іздеп келушілерге бос жұмыс орындарын ұсынамыз. Мамандығы мен санаты сай келіп жатса, сонда бағыттаймыз. Екі маман орталық аймағындағы тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізеді» дейді Нұрлан Орынбасарұлы.

Бүгінгі таңға дейін мұнда 7000-ға жуық тұрғынға ақпараттық қызмет көрсетілген. Оның 625-і қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберілсе, 521 адам «Жас кәсіпкер» жобасына қатысуға өтініш білдірген. Ал, 834-і «Бастау» бойынша оқуға жіберіліп, 247 азамат жұмысқа орналасу үшін жолдама алған. 51 адам тұрақты жұмысқа орналастырылыпты.

Аталған бағдарлама аясында кәсіпкерлер палатасы қосымша 50 оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, кәсіпкерлер палатасы «бизнес – инкубатор» құрмақ. Яғни ісін енді бастап келе жатқан кәсіпкерлерге кеңсе және өндірістік шаруашылық алаңдары беріледі. «Алдымен кәсіп бастаймын деген ниеттілерді оқытып жатырмыз. Одан кейін мемлекеттік грант немесе жеңілдетілген несиеге қол жеткізген соң бизнес жобасын жүзеге асыратын кеңсе, ғимарат таба алмаса көмек көрсетеміз. Қазіргі таңда оған арнайы бір ғимаратты белгілеп отырмыз. Кішігірім жөндеу жұмыстарын жасаған соң дайын болады» дейді палата директоры бізбен әңгімесінде.