Сақталған әр теңге – халық игілігі

Қысқаша

Сақталған әр теңге – халық игілігі

шым1.jpg

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Әділетті Қазақстанды құру жолындағы стратегиялық бастамаларында «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекеттік саясаттың ең басты діңгегі ретінде белгілеп бергені белгілі. Осы орайда, әрбір мемлекеттік теңгенің, халықтың қазынасының мақсатты әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету – ел экономикасының қауіпсіздігін нығайтудың негізгі шарттарының бірі. Жуықта Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында заңсыз ақша айналымына қарсы іс-қимыл, бюджет қаражатын сақтау және экономикалық қылмыстардың алдын алу бағытындағы ауқымды жұмыстар кеңінен талқыланды. Өңірдегі экономикалық қауіпсіздіктің жай-күйі туралы Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Бақыт Қайшыбеков баяндап, БАҚ өкілдерінің көкейкесті сұрақтарына мазмұнды жауап берді.

Қазіргі таңда құқық қорғау және бақылаушы органдардың басты стратегиялық бағыты түбегейлі өзгерген. Егер бұған дейін негізгі күш-жігер орын алып қойған құқық бұзушылықты анықтауға, қылмыстық істерді тергеуге және келтірілген залалды кейіннен қайтаруға бағытталса, бүгінде басымдық тәуекелдерді ерте кезеңде анықтауға, яғни алдын алу және профилактика шараларына беріліп отыр.

Департамент басшысы Бақыт Сапарғалиұлы өз сөзінде атап өткендей, экономикалық қауіпсіздіктің басты мөлшері – сотқа жолданған қылмыстық істердің саны емес, мемлекет қазынасынан заңсыз келіп түсетін шығындардың алдын алу көлемімен өлшенеді.

«Жоғалған қаражатты кейін қайтарғаннан өрі, оның заңсыз немесе тиімсіз жұмсалуына бастапқы кезеңде жол бермеу әлдеқайда маңызды. Мемлекет басшысы бюджет қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге ерекше назар аударып отыр. Әрбір сақталған бюджет теңгесі – бұл уақытылы пайдалануға берілген заманауи мектеп, жаңадан салынған аурухана, жөнделген жол немесе халыққа көрсетілетін сапалы әлеуметтік қызмет. Сондықтан біздің негізгі ұстанымымыз – «Заң мен тәртіпті» сақтай отырып, қаржылық тәртіпсіздікке жол бермеу», – деді департамент басшысы.

Жүргізілген жүйелі профилактикалық шаралар мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен аналитикалық жұмысы өз жемісін беруде. Соңғы бір жарым жылдың ішінде (2023 жыл мен ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы аралығында) Шымкент қаласында 23,4 миллиард теңге көлемінде бюджет қаражатын үнемдеу қамтамасыз етілді. Бұл – қағаз жүзіндегі есеп емес, ел қазынасында сақталып қалған нақты қаржы.

Бұл нәтижеге мынадай жүйелі шаралар арқылы қол жеткізілді: Бюджет шығыстарын қайта қарау: Негізсіз жоспарланған немесе асыра бағаланған шығындарды қысқарту; Мемлекеттік сатып алуларды мониторингтеу: Тәуекел тобына кіретін лоттар мен келісімшарттарды бастапқы кезеңде тоқтату; Аналитикалық бақылау: Қаржылық бақылау органдарымен бірігіп, күмәнді схемаларды ерте анықтау.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, өткен жылы анықталған 84 қылмыстық іс бойынша мемлекетке 15,9 млрд теңге залал келтіріліп, оның 7,5 млрд теңгесі өндірілген болатын. Осы сандардың өзі алдын ала талдау шараларының тиімділігі қылмысты артынан куалаудан әлдеқайда жоғары екенін дәлелдейді.

Бүгінгі күні заңсыз ақша айналымы мен көлеңкелі экономиканың формалары да уақыт талабына сай өзгеріп, цифрлық сипатқа ие болуда. Көлеңкелі сектор мемлекеттің дамуын бұғаттайтын ең басты тежеуіш факторлардың бірі болып табылады.

Жиын барысында БАҚ өкілдері ақшаны қолма-қол қаражатқа айналдыру (обналичивание), заңсыз криптовалюталық обменниктер, онлайн-казинолар және заңсыз кәсіпкерлікке қатысты сауалдарды ортаға салды.

Департамент басшысының мәліметінше, жыл басынан бері Қылмыстық кодекстің 216-быбы (жалған шот-фактуралар жазу және ақшаны қолма-қол ақшаға заңсыз айналдыру) бойынша 3 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, қазіргі таңда заңсыз криптовалюта айналымы мен криптобюролардың (обменниктер) қызметіне қатысты кешенді тексерулер өтіп, нақты қылмыстық істер қозғалу үстінде.

Заңсыз ақша айналымы, қаржы пирамидалары, жасырын цехтар мен ойын бизнесіне қарсы күрес – Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басты назарында тұрған бағыттар. «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда қалыптастыру үшін тек жазалау немесе бақылау тетіктері жеткіліксіз. Ең бастысы – азаматтардың, әсіресе жастардың қаржылық және құқықтық сауаттылығын арттыру. Осы орайда департамент тарапынан ағартушылық жұмыстарға ерекше мән берілуде. Жыл басынан бері қаланың жоғары оқу орындары мен мектептерінде 36 мыңнан астам жасты қамтыған 47 ауқымды профилактикалық іс-шара өткізілді. Сондай-ақ, жасөспірімдердің қаржылық мәдениетін қалыптастыру мақсатында 3 сериядан тұратын «Қошқар мен теке» анимациялық сериалы түсіріліп, көрерменге жол тартты.

Қазіргі таңда Шымкенттегі жоғары оқу орындарына оқуға түскен 18 мыңға жуық бірінші курс студенттеріне арналған арнайы дәрістер, семинарлар мен қаржылық сауаттылық диктанттарын өткізу жоспарланып отыр. Жастардың лудоманияға (құмар ойындарға), қаржы пирамидаларының арбауына түсіп қалмауы – қоғамдық тұрақтылықтың басты кепілі. Елімізде орын алып жатқан оң реформалардың табысты болуы әрбір азаматтың заңға деген құрметі мен тәртіпті сақтауына тікелей байланысты. Әділетті Қазақстанның негізі – ашықтық, адалдық және заң үстемдігі. Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті атқарып жатқан жүйелі жұмыстар мемлекет қазынасының бүтіндігін сақтауға, ел экономикасының тұрақты дамуына және «Заң мен тәртіп» қағидатының нақты өмірде жүзеге асуына елеулі үлес қоса бермек.