Тәртіп – тұрақтылықтың бастауы

Қысқаша

Тәртіп – тұрақтылықтың бастауы

Screenshot_5.jpg

Қазіргі таңда «Заң мен Тәртіп» қағидаты мен жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы бір арнаға тоғысуда. Себебі тазалық бар жерде – мәдениет, ал мәдениет бар жерде – тәртіп салтанат құрады. Шымкент қаласы Еңбекші ауданының прокуратурасы тарапынан аудан аумағында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар – бүгінгі қоғам үшін өте өзекті әрі дер кезінде қолға алынған маңызды қадам.

Экологиялық және құқықтық мәдениеттің негізі ең алдымен өскелең ұрпақтың санасында қалануы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, прокуратура қызметкерлерінің М. Тынышпаев атындағы ALT Шымкент көлік колледжі студенттерімен өткізген профилактикалық кездесуі үлкен тәрбиелік мәнге ие. Жастарға «тазалықтан тәртіп басталатынын» ұғындыру, кез келген ұсақ заң бұзушылыққа (қоқыс тастау, қоғамдық мүлікті бүлдіру) «нөлдік төзімділік» таныту қажеттігін түсіндіру – болашақ заңға бағынатын саналы азаматтарды тәрбиелеудің төте жолы. Егер әрбір студент көшеге қоқыс тастамауды мақтаныш санаса, айналасындағы заңсыздықтарға бейжай қарамаса, бұл – бүкіл қаланың қауіпсіздігіне қосылған үлкен үлес.

Еңбекші ауданы прокуратурасының бұл бағыттағы жұмысы тек құрғақ лекциялармен шектелмей, нақты іс-әрекеттермен көрініс тауып отыр. Қала аумағында, ғимараттардың қабырғаларында есірткі заттарын насихаттайтын заңсыз жазулардың анықталып, дереу өшірілуі – ұлт саулығы мен жастар болашағын қорғаудағы жедел әрі тиімді күрестің айқын мысалы. Мұндай астыртын жарнамалар қаланың эстетикалық тазалығын ғана бұзып қоймайды, ол – ең алдымен, адам өміріне қауіп төндіретін қылмыстың ошағы. Сондықтан граффити-жазуларды жою – тазалықты сақтаумен бірге, үлкен қылмыстың алдын алу болып табылады.

Қала тазалығы мен қауіпсіздігі тек құқық қорғау органдары мен әкімдіктің ғана міндеті емес, бұл – әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі. Жауапты азаматтық позицияны қалыптастыру үшін бүгінде барлық жағдай жасалған. Мәселен, көшеде бейберекет тасталған қоқысты, вандализм белгілерін немесе есірткінің заңсыз жарнамаларын байқаған кез келген тұрғын Шымкент қаласы әкімдігінің «iKomek» ситуациялық орталығына (109 бірыңғай тегін нөмірі) немесе арнайы мобильді қосымшаға хабарласа алады. Бұл – заманауи цифрлық қоғамдағы азаматтық белсенділіктің және «Заң мен Тәртіпке» қосқан үлестің нақты көрінісі.

Таза қала – тәртіптің, ал тәртіп – тұрақтылықтың бастауы. Еңбекші ауданы прокуратурасының «Таза Қазақстан» акциясы мен заң үстемдігін ұштастырған бұл бастамасы Шымкент шаһарының қауіпсіз, жайлы әрі мәдениетті мекенге айналуына зор серпін береді. «Заң мен тәртіп – баршамызға ортақ» екенін естен шығармай, әрқайсымыз өз ауламыздан, өз көшемізден тазалық пен тәртіпті сақтауды бастасақ, мемлекетіміздің іргесі бұдан да бекем бола түспек.