
Құқықтық мемлекет қалыптастырудың басты шарты – заң үстемдігін қамтамасыз ету және кез келген ортада темірдей тәртіп орнату. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойған «Заң мен Тәртіп» қағидасын іс жүзінде жүзеге асыру және пенитенциарлық жүйедегі құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Осы бағытта Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық прокуратурасының бастамасымен Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №69 мекемесінде сотталғандар арасында түсіндіру және профилактикалық жұмыстары жүргізілді. Басқосуда жазасын өтеушілер арасында қайталама қылмыстың алдын алу, олардың заңға бағынатын мінез-құлқын қалыптастыру және құқықтық сауаттылығын арттыру басты назарға алынды.
Кездесу барысында прокуратура қызметкерлері сотталғандарға заң талаптарын мүлтіксіз орындаудың маңыздылығын егжей-тегжейлі түсіндірді. Жиында қайтадан заң шегінен шығудың құқықтық салдары мен жауапкершілігі басты назарға алынды. Құқық қорғаушылар қылмыстық құқық бұзушылықтарды қайталап жасаған жағдайда заңнама аясында жаза түрі мен мерзімінің айтарлықтай қатаңдатылатынын нақты мысалдармен жеткізді.
Прокуратура өкілдері атап өткендей, түзеу мекемесінде жүріп қайта қылмысқа бой алдыру – сотталғандардың құқықтық жағдайына, атап айтқанда, мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығу немесе жазаның жеңіл түріне ауыстырылу мүмкіндіктеріне тікелей кері әсерін тигізеді. Тәртіпке бағыну ғана бостандыққа түсер даңғыл жол екені ескертілді.
Іс-шара тек біржақты баяндама түрінде емес, еркін пікір алмасу, ашық диалог форматында өрбіді. Жазасын өтеушілер тарапынан қойылған заңнамалық актілердің қолданылуы, жаза өтеу тәртібі және өздерінің құқықтары мен міндеттеріне қатысты түрлі сұрақтарға прокурорлар тарапынан заң шеңберінде негізделген әрі толыққанды жауаптар берілді.
Бұл шара сотталған азаматтардың қателіктен сабақ алып, қоғамға пайдалы тұлға ретінде қайта оралуына септігін тигізбек. Әл-Фараби ауданының прокуратурасы тарапынан «Заң мен Тәртіп» қағидасын нығайтуға бағытталған мұндай кешенді және профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі әрі тұрақты түрде жалғасын таба беретін болады.
Мұндай құқықтық профилактикалар «Заң мен тәртіп» аясында Шымкентте тек түзеу мекемелерінде емес, білім беру орындарда, қоғамдық орындарда жиі өткізілуде. Құқықтық профилактиканың ең басты маңызы – адам тағдырын сақтап қалуында. Кез келген қылмыс немесе заң бұзушылық – бұл тек статистикалық көрсеткіш емес, оның артында зардап шеккен жәбірленуші мен тағдыры тәлкекке түскен құқық бұзушының өмірі тұр. Мәселен, жасөспірімдер арасындағы буллинг пен вандализмнің алдын алу жұмыстары дер кезінде жүргізілсе, қаншама жас болашағына балта шаппай, қоғамның толыққанды мүшесі болып қалар еді. Профилактика – қателікке бой алдыруы мүмкін жанға дер кезінде созылған көмек қолы.
Бұл шаралар мемлекеттік ресурстар мен экономикалық шығындарды оңтайландыруға мүмкіндік береді. Қылмысты тергеу, сот процестерін жүргізу, сотталғандарды түзеу мекемелерінде ұстау және оларды қайта әлеуметтендіру мемлекет бюджетіне үлкен салмақ салады. Ал құқықтық мәдениетті арттыру мен түсіндіру жұмыстарына жұмсалған күш-жігер өз жемісін еселеп қайтарады. Осы ретте, елімізде бекіген «Заң мен Тәртіп» қағидасының негізгі өзегі де жазалау емес, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбейтін орта қалыптастыру болып табылады.
Құқықтық профилактика – қоғамдық сананы трансформациялаудың басты құралы. Заңдарды жай ғана қабылдау жеткіліксіз, олардың жұмыс істеуі үшін әрбір азамат заң талаптарын қорқыныштан емес, жауапкершілікті сезінгендіктен орындауы тиіс. Мектептерде, еңбек ұжымдарында және бұқаралық ақпарат құралдарында жүргізілетін жүйелі профилактикалық жұмыстар азаматтардың құқықтық сауаттылығын оятып, оларды саналы түрде тәртіпке бағынуға тәрбиелейді. Отбасындағы тәрбие, мектептегі тәлім және мемлекеттік деңгейдегі насихат бір арнаға тоғысқанда ғана алдын алу шаралары нәтиже бермек. Заң бұзушылықтың тамырына ерте бастан балта шабу арқылы біз қауіпсіз, әділетті және тұрақты мемлекеттің берік іргетасын қалаймыз.
