
Шымкент қаласының Полиция департаментінде «Ұрпақтар сабақтастығы: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл – әрбір буын міндеті» тақырыбында мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға департамент басшысы Мұхтар Қожаев, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков, ішкі істер органдарының ардагерлері, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің өкілдері, Ішкі істер министрлігіне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы оқу орталығының басшылығы қатысты.
Полиция департаментіне жаңадан қабылданған жас қызметкерлер, оқу орталығының тыңдаушылары, «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары да шақыртылған іс-шара құқық қорғау органдары жүйесіндегі адалдық қағидаттарын күшейтуге, жас мамандардың кәсіби көзқарасын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыруға және қоғам алдындағы жауапкершілікті терең сезіндіруге бағытталды. Мұнда ең маңыздысы – жас буын мен аға буын арасындағы сабақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу негізгі назарда болды. Ұрпақтар сабақтастығы білім мен тәжірибе алмасуда да ерекше рөл атқарады. Аға буынның өмірлік тәжірибесі жас мамандардың кәсіби қалыптасуына көмектеседі. Мысалы, еңбек жолында тәжірибелі мамандар жастарға бағыт-бағдар беріп, өз білімін үйретеді. Бұл қоғамның дамуына және кәсіби біліктіліктің артуына ықпал етеді.
Жиынға қатысушылар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, қызметтік әдепті сақтау және заң бұзушылықтарға жол бермеу жөніндегі тәжірибелерімен бөлісті. Құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін профилактикалық жұмыстарды жүйелі жүргізудің маңыздылығы түсіндірілді. Елдегі қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен азаматтардың құқығын қорғау жолында қызмет ететін мамандар үшін адалдық пен әділдік ең басты құндылық болуы тиіс. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстардың қоғамдағы сенімді нығайтуға ықпал ететіні белгілі. Құқық қорғау саласындағы тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді.
– Сыбайлас жемқорлық – мемлекетті іштен жейтін қауіпті індет. Оған қарсы тұру – әр қызметкердің азаматтық парызы. Қызмет барысында түрлі жағдайларға тап болуларыңыз мүмкін. Сол сәтте адамгершілігіңіз бен тәрбиеңіз сыналады. Ішкі істер саласы – тек тәртіп орнататын құрылым емес. Бұл – елге қызмет етудің үлкен мектебі. Осы жолда жүріп адам сабырды, батылдықты, жауапкершілікті үйренеді, – деді полиция департаментінің басшысы Мұхтар Қожаев.
Сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін ең қауіпті әлеуметтік дерттердің бірі. Ол қоғамдағы әділдік қағидаттарын бұзып, халықтың мемлекетке деген сенімін әлсіретеді. Жемқорлық жайлаған елде заң үстемдігі әлсіреп, қарапайым азаматтардың құқықтары жиі тапталады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Бұл дерттің ең үлкен зияны – ел экономикасының әлсіреуіне әсер етуі. Экономикасы әлсіз елдің болашағы да бұлыңғыр болмақ. Коррупция – жастар тәрбиесіне теріс ықпал етеді. Егер жас ұрпақ «бар мәселе ақшамен шешіледі» деген түсінікпен өссе, онда елдің болашағына қауіп төнеді. Өйткені адал еңбек пен білімнің қадірі жоғалады. Сондықтан жастардың бойына әділдік, адалдық және жауапкершілік секілді құндылықтарды сіңіру өте маңызды.
Қазіргі таңда елімізде сыбайлас жемқорлықпен күреске ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар қабылданып, заң талаптары күшейтілді. Сонымен қатар қоғамда адалдық мәдениетін қалыптастыру бағытында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Жиында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Қанат Қадырбеков мемлекеттік қызметшінің кәсіби келбеті оның адалдығы мен әділдігі арқылы бағаланатынын жеткізді. Олар қоғам тарапынан сенімге ие болу үшін әрбір қызметкер өз ісіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын мүлтіксіз орындауы қажет екенін айтты.
– Адалдық – мемлекеттік қызметтің басты қағидаларының бірі. Егер қызметкер өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, заң талаптарын сақтаса, қоғамның мемлекетке деген сенімі артады. Мемлекеттік қызметші ар-ожданын биік ұстап, ел мүддесін жоғары қоюы керек. Қарапайым азаматтардың тағдырына бейжай қарамай, олардың өтініштері мен талаптарына түсіністікпен қарау – нағыз кәсіби маманның белгісі. Жауапкершілігі жоғары қызметкер ғана өз ісін сапалы атқара алады, – деді дапартамент басшысы.
Кездесудің тағылымдық мәнін арттырған негізгі сәттердің бірі – ішкі істер органдары ардагерлерінің жастармен еркін пікір алмасуы болды. Ардагерлер өздерінің көпжылдық қызмет тәжірибелерімен бөлісіп, полиция қызметіндегі жауапкершілік пен тәртіптің маңызы жөнінде әсерлі әңгімелер айтты. Ардагерлердің айтуынша, полиция қызметкерінің басты қасиеті – халыққа қалтқысыз қызмет ету.
– Біз ішкі істер саласында ұзақ жыл қызмет еттік. Осы уақыт ішінде небір қиындықты да, сын сағаттарды да бастан өткердік. Талай қылмыстың ашылғанын, талай адамның тағдыры шешілген сәттерді көрдік. Полиция қызметкерінің иығына артылатын жүк өте ауыр. Бұл – жай ғана мамандық емес, бұл – халықтың амандығы мен елдің тыныштығына жауап беру деген сөз. Егер құқық қорғау қызметкері әділ болмаса, онда қоғамның заңға деген сенімі әлсірейді. Ал сенім жоғалған жерде тәртіп те болмайды. Біз қызметке алғаш келген кезде аға буын бізге: «Халықтың алғысын алу – ең үлкен марапат» деп жиі айтатын. Расында да қарапайым адамның «рахметі» бүкіл еңбегіңе берілген ең жоғары баға.
Құқық қорғау саласында жұмыс істеу үлкен төзімділікті талап етеді. Мереке мен демалысты, тіпті ұйқыны ұмытып кететін кездер болады. Өйткені ел тыныштығы бәрінен биік тұрады. Қазіргі жастар білімді, заман талабына бейім, өте зерек және алғыр. Олар осы қасиеттерін, энергияларын пайдалы іске жұмсағаны абзал. Жастар ең бірінші кезекте абыройға жұмыс істеу керек. Әрқайсыңыз халыққа қорған, елге тірек болуға ұмтылыңыздар. Сіздер елдің ертеңісіздер. Отан алдындағы антына берік, заңға адал, жүрегі таза қызметкер болыңыздар. Сонда ғана халықтың сеніміне ие болып, нағыз тәртіп сақшысы атанасыздар, – деп ішкі істер саласының ардагерлері залға жиналған жастарға ізгі ниеттерін жеткізді.
Іс-шара барысында жас мамандар да өз ойларын ортаға салды. Олар ішкі істер органдарындағы алғашқы қызмет жолдары, тәжірибе жинақтау барысы және тәлімгерліктің маңызы туралы пікірлерімен бөлісті. Жас қызметкерлердің айтуынша, аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесі мен қолдауы олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына үлкен ықпал етеді. «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары да құқық қорғау саласына қызығушылық танытып, болашақта ел қауіпсіздігін қорғауға үлес қосқысы келетіндерін жеткізді. Оларға құқықтық тәрбие беру, заңға құрметпен қарауға баулу және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мәселелері де кеңінен түсіндірілді. Кездесу соңында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – тек бір мекеменің немесе бір буынның ғана міндеті емес, бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті. Сондықтан құқық қорғау органдары, мемлекеттік мекемелер мен қоғам өкілдері бірлесе жұмыс істеген жағдайда ғана заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға болады. Ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру және жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керек. Қатысушылар осындай кездесулердің жас қызметкерлер үшін маңызы зор екенін айтып, алдағы уақытта да мұндай форматтағы іс-шараларды тұрақты түрде өткізу қажет деген пікір білдірді.
Тәрбие мен тәжірибені ұштастырған бұл кездесу жас буынның кәсіби қалыптасуына оң ықпал етіп қана қоймай, құқық қорғау жүйесіндегі сабақтастықтың маңызын тағы бір мәрте айқындады. Мұндай кездесулер жас мамандардың өз мамандығына деген жауапкершілігін арттырып, патриоттық рухын күшейтеді. Ұрпақтар сабақтастығы – елдің болашағын айқындайтын маңызды құндылық. Ол ұлттық бірегейлікті сақтап, қоғамдағы тұрақтылық пен тәрбиенің негізін қалыптастырады. Аға буынның өнегесі мен жас буынның жаңашылдығы үйлесім тапқан кезде ғана мемлекет дамып, рухани тұрғыдан кемелдене түседі. Сондықтан да осындай жиындар арқылы ұрпақтар арасындағы байланысты нығая береді.
А.ЕСІМБАЙ
