Үшінші мегаполис-Шымкентте ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорт көлемін артып келеді. Импортқа тәуелділікті төмендету мақсатында құны 15 млрд теңге болатын 14 жоба қолға алынды. Соның нәтижесінде 298 адам жұмысқа орналасты. Жаңадан құс фермалары, сүт өндіретін және өңдейтін, балық өсіретін, мал бордақылайтын, мал азығын дайындайтын шаруашылықтар мен жылыжай кешендері бой көтерді.
Шымкент қаласының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының аясында биыл ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 48,7 млрд теңгеге, экспортты 331,8 млн теңгеге, дайын тауар үлесінің өсімін 80 пайызға және негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемін 15,4 млрд теңгеге жеткізуді жоспарда тұр.
Бүгінгі таңда шаһарда егістік пен жайылым жерлер қысқарған. Соған қарамастан агросаладағы жобаларды жүзеге асыру жалғаса береді. Сондықтан сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара басын көбейту мақсаты жатыр. Шаруалар мыңнан аса асыл тұқымды ірі қара бағып отыр. Биыл мал шаруашылығын дамытуға 1 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Оның 185,1 млн теңгесіне жем-шөп әзірленеді. Жоспарға сәйкес биыл 9,1 мың тонна ет, 52,3 мың тонна сүт және 154 млн дана жұмыртқа өндірілетін болады.
Сүт өндірісінің жылдан-жылға артуы сүт өнімдеріне сұраныстың өсімімен байланысты. Сондықтан асыл тұқымды сүтті сиырлардың санын көбейтуге басымдық берілген.
М.Әуезов атындағы ОҚУ аға оқытушысы, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидатыНұрлыбай Егемқұловтың айтуынша, мегаполисте мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік толық жетеді.
Шеткі елді мекендерде мал бағып, қосалқы шаруашылықпен айналысып отырған отбасылар көп. Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек арқылы жергілікті шаруа қожалықтары қала халқын ағарғанмен толық қамтамасыз ете алады деді ғалым.
Қала әкімдігі малдың жем-шөбін дайындауға мән бере бастады. Бұл бастама тегін емес. Өйткені «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, жоғары өнім алу құнарлы мал азығына байланысты. Малдың бір күндік азығының жартысына жуығын құрама жем құрауы керек. Сондықтан алдағы уақытта мал азығын әзірлейтін жаңа цехтар бой көтереді.
Кәдімгі сиырлар тәулігіне 7-10 литрден сүт берсе, асыл тұқымдыдан 30-40 литр сүт алынады. Асыл тұқымды мал санын көбейтуге назар аударудың мәні де осында. «Қара ала», «Әулиеата», «Голштино-фриз», «Симентал» секілді ірі қаралар сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамытуға арналып шығарылған тұқымдар. Оларды шаруаларға көбейтіп берумен және тұқымын сақтап қалумен шаһардағы «Селекциялық орталық» мекемесі айналысады.
«ШҚ Эгамназаров» шаруа қожалығының басшысы Каримжан Ибрагимұлы сиырды сонау Голландиядан сатып әкелген. Ол жақтың мамандары еліміздің оңтүстік аймағын шөбі шүйгін, мал бағуға қолайлы деп мақтапты.
«Асыл тұқымды сүтті сиырды атып алу үшін Германияға да бардым. Неміс фермерлері Қазақстанның күнгей өлкесін мақтай жөнелді. «Голштино-фриз» сиырлары Германияда тәулігіне 35-40 литр сүт берсе, біздегі аймақта бабын келтірсе 50 литрге дейін сүт алуға болатынын айтты неміс шаруалары. Солардың болжамы дәл келді. Сиырлар оңтүстіктің климаты тез үйреніп кетті. Өнімді де молынан беріп жатыр» деді шаруа.
Кәсіпкердің бизнес бастамасына қолдау білдірген ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы құжат рәсімдеу жағына да көмек көрсеткен. Сонымен бірге шетелден әкелінген асыл тұқымды әр малдың басына 400 мың теңгеден субсидия төленді. Оған қосымша жем-шөпке деп әр ірі қараға 70 мың теңгеден, сүттің литіріне 20 теңгеден ақша берілді. Малды ұрықтандыруға да бөлек субсидия қаралған. Шаруа қожалығының Алматы қаласындағы селекциялық мекемемен келісімі бар екен.
Голландиядан әкелінетін «Голштино-фриз» сиырларының елге жеткізу шығыны 1.3 млн теңге. Сондықтан субсидия осындай шаруашылықтарға аяққа тұрып кетуге үлкен жәрдемін тигізеді.
Аталған қожалық жуырда Ресейден «Қызылдалалық» асыл тұқымды сүтті сиырларды да әкелген. Олардың бір ерекшелігі ауруға төзімді келеді және «Голштино-фризға» қарағанда ветеринардың көмегінсіз өздері төлдей береді.
«ШҚ Эгамназаров» шаруашылығында 300-ден астам сүтті сиыр бар. Қала бойынша ең майлы сүт осы фермада өндіріледі: 4,5-4,8 пайыз. Сондай-ақ тәулігіне 2 тоннадай автоматтандырылған сауу аппараттарымен сүт сауылады. Алынған өнім түрлі дайын өнімдер шығаратын «Алтын дән» компаниясына жіберіледі. Шаруашылық кәсіпорынға сүтті 270 теңгеден сатады. Шаруаның бұдан былайғы мақсаты мал азығы сүрлемді дайындау. Ол үшін қалалық әкімдіктің қолдауына сүйеніп егістік жерді жалға алмақ ойда.
Ә.БАЛТАБАЙ