Жуырда мегаполистегі «Жастар ресурстық орталығында» «Өмірім - болашағымның ертеңі» атты іс-шара өтті. Оған қаладағы 7-11 сыныпта оқитын барлық мектептердің оқушылары қатысты. Аталған жиынның басты мақсаты – шымкенттік жастар арасында девиантты мінез-құлықтың алдын алу. Іс-шарада оқушылар мамандар кеңесін тыңдап, көптеген пайдалы ақпараттарға қанықты.
Жалпы жоғарыда аталған ұйым жастар арасында тұрақты түрде суицид, темекіге құмарлық, ойынқұмарлық пен нашақорлық тақырыбында осындай профилактикалық мақсаттағы түрлі кездесу-жиындарын өткізіп тұрады. Ал жоғарыда аталған іс-шара Шымкент қаласы Тұран аудандық полициясының майоры Раушан Кертаева, психолог, гештальт-кеңесші Марал Жұмагелді, қаладағы ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау орталығының әдіскері Гүлнара Имашова және «Ізгілікте жарысайық» қоғамдық қорының өкілі Алтынбек Боранбеков секілді мамандардың қатысуымен ұйымдастырылды. Жастар олардан біраз ақыл- кеңес алып, жаман әдеттерге үйір болудың зардабы ауыр болатынын түсінді.
Жиында айтылғандай, заң бойынша кәмелет жасқа толмағандар түнгі уақытта жалғыз жүрмеуі тиіс. Ол үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұл туралы полиция майоры Раушан Кертаева айтып берді. Мәселен, жасы 18-ге жетпеген балалардың түнгі сағат 23:00-ден таңғы сағат 06:00 -ге дейін көшеде, басқа да қоғамдық орындарда жалғыз жүргені анықталса, бірінші ретінде тек ескерту берумен шектеледі. Егер мұндай оқиға бір жыл аралығында тағы да қайталанатын болса полиция қызметкерлері тарапынан хаттама толтырылып, ісі сотқа жолданады, ал жасөспірімнің өзі полиция департаментіне есепке қойылады. Компьютерлік ойынхаларынан шықпай түн жарымына дейін ойын ойнайтын мектеп жасындағы балалар баршылық. Олардың беймезгіл шақта жүргенін полиция білсе, алдымен ойынханаға егесіне, сосын әлгі жасөспірімдердің ата-анасына хаттама толтырылады. Сондай-ақ тексеріс нәтижесінде бала тәртібіне жауапкершілік танытпаған тұлғаларға 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
Психолог Марал Жұмагелді басқосудың алдында арнайы психологиялық сауалнама жүргізіп, жастардың девиантты мінез-құлықтың неден пайда болатыны туралы пікірлерін тыңдап шыққан. Психолог сауалнама қорытындысын тұжырымдай келе, ата-анасымен көп тілдеспейтін жасөспірімдер өтпелі кезеңде суицид, темекі немесе смартфон ойындарына құмар болып келетінін айтты.
Сонымен бірге маманның мәлімдеуінше, балалық шақтан ересек өмірге қадам басқан жастар ішкі дүниесін толтыратын рухани қажеттіліктерге мұқтаж болады. Егер бала сол рухани азықты ата-анадан немесе мектеп мұғалімдерінен ала алмаса, өзін жұбататын нәрсені темекіден, смартфон ойындарынан іздей бастайды. Міне жасөспірімдердің бойында құмарлық дерт осылай пайда болады. Негізінде жасөпірімдердің 18 жасқа дейінгі тәрбиесі ата-ана мен мұғалімдердің мойнында. Сол үшін де психолог егер мұғалім мектеп оқушысынан темекіге үйір болғанын байқаса дереу ұрсып, кінәламасын. Алдымен темекі шегуге қандай себеп түрткі болғанын анықтап, сол себептерді жою бағытында әрекет еткені абзал деді.
Сондай-ақ жиын барысында мамандар жастарға қандай мамандық таңдау керектігі, сабаққа ден қою үшін не істеу қажеттігі және бос уақытты қалай тиімді өткізуге болатыны жөнінде біраз мәселе қозғап, ақыл-кеңестерін аямады.
Жалпы балаларға тәрбие беруде мектептің рөлі күшті. Соның ішінде мектеп ұстаздарының алатын орны ерекше. Бұл орайда мемлекет мұғалімдердің алаңсыз балалардың білімі мен тәрбиесіне көңіл бөлуге бар жағдайды жасап отыр. Оқытушыларға қамқорлық әрқашан жалғасын таба береді. Ол туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің жыл сайынғы дәстүрлі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтып өтті. Мәселен былтырғы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Мемлекет басшысы былай деді: «Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалды. Дегенмен, бұл бағытта әлі де біршама өзгерістер жасау қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың жаңа стандарты қабылданады. Сондай-ақ, ұстаздардың құзырет аясы айқындалады».
Сонымен бірге бүгінгі қоғамда жастардың темекіні былай қойғанда есірткіге әуестеніп жатқаны жанға батады. Сондықтан мемлекет қазір бұл қылмыспен күресті күшейткен. Әсіресе жастарды есірткіге жолатпау үшін әртүрлі профилактикалық, түсіндірме жұмыстары мектеп, медицина ұйымдары, жергілікті полиция департаменті тараптарынан болсын атқарылып жатыр. Шымкент жастары көп қала. Республикада мектеп оқушылары саны жөнінен де алдыңғы орындардың өатарында тұр. Сол себепті мегаполисте жастарды есірткінің қаупінен сақтау күн тәртібінде тұрған нөмірі бірінші мәселе екені сөзсіз. Жалпы адамның санасын улайтын психотропты заттардың қоғамға қатер тудыра бастағанын Президент біліп отыр. Сол үшін өзінің Жолдауында осы өзекті мәселені де қозғап өтті.
«Синтетикалық есірткі тұтынатындардың көбеюі ұлт саулығына зор қауіп төндіруде. Қазіргі ахуал өте күрделі, соңғы үш жылда тәркіленген «синтетиканың» көлемі 10 есе артқан. Уақыт өткен сайын мұндай есірткі арзан әрі қолжетімді бола бастады. Нашақорлар оны әлеуметтік желі мен түрлі мессенджер арқылы емін-еркін сатып алып жатыр. Есірткіні, тіпті, үйге әкеп беретіндер бар. Бұл – аса қауіпті әрі ауқымды әлеуметтік кесел. Синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға қарсы күрес жалпыұлттық деңгейде жүргізілуге тиіс. Сондықтан, Нашақорлықпен және есірткі саудасымен күресудің кешенді жоспарын әзірлеу қажет» деді Мемлекет басшысы.
Осы орайда Шымкентте мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізуге көп көңіл бөлініп отыр. Аталған жоспарды жүзеге асыру мақсатында оқушыларды мектептен тыс түрлі үйірмелерге баулу қолға алынып жатыр. Соның бірі спорт. Бұл бағытта жан басына қаржыландыру бағдарламасы аясында жыл сайын артспортына бюджеттен қомақты қаражат қарастырылады. Қалалық денешынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, 2023 жылға жергілікті бюджеттен жан басына шаққандағы қаржыландыру жобасына 2.3 млрд теңге қаржы бағытталып отыр. Спорттық секциямен 20 000 баланы немесе 5-пен 18 жас аралығындағы балалардың жалпы санының 20 пайызын қамту көзделіп отыр. Былтыр спорттық секцияға 4-18 жас аралығындағы 14 000 баланы тарту жоспарланған еді. Ол жалпы балалар санының 16 пайызы. Биылғы жылдың 1 наурызындағы жағдайға сәйкес жан басына нормативтік қаржыландыру платформасына мыңнан астам өтінім келіп түсті. Соның ішінде 113 кәсіпкердің өтінімі мақұлданыпты. Өз кезегінде ата-аналардан 33 864 өтінім қабылданса, 20 533 баланың ата-анасымен келісімшарт түзілді. Осы жоба аясында 338 жаттықтырушы және 200-ге жуық басқа да қызметкерлер жұмыспен қамтамасыз етілді.
Ал қаладағы Оқушылар сарайының үйірмелері бала мен ата-ананың талабы мен сұранысына сай ашылған. Соңғы 3 жылдық жұмысқа мониторинг жасау нәтижесінде қазіргі жастардың ұлттық өнер, қолөнер және спортқа деген қызығушылығы артқаны байқалады. Аса қызығушылық танытқан үйірмелер қатарында ұлттық би және домбыра бар. Сонымен бірге жаңадан ашылған қолөнер үйірмелері: құмыра жасау, ағаш өңдеу, былғары өңдеу, зергерлік, гобелен, киіз басу, тоқыма өнері балалардың қызы,ушылығы аса жоғары.
«Өнерлінің өрісі кең», «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, қазақ ұл-қызын өнерге баулуға аса мән берген. Сондықтан ұлттық дәстүрлі өнерді қайта дәріптеу, өміршеңдігін жоғалтпау мақсатында домбыра, қобыз, жетіген, дәстүрлі ән, айтыс өнерін насихаттайтын 25 үйірмеге бүгінгті таңда 400-ден астам бала қатысады. Бұл дегеніміз домбыра мен қобыз секілді ұлттық аспаптарға жас өрендердің құрметінің артқанын білдіреді. Осылайша дәстүрлі ән-жыр өнерін қайта жаңғыртуға мол мүмкіндік туып отыр.
Оқушылар сарайында қазақтың ұлттық спорт түрлері де үйретіледі. Өйткені жауынгер бабаларымыз садақ тарту, бәйге, сайыс, күрес, аударыспақпен ежелден айналысқан. Әкімдіктің алдында енді осынау асыл қазынамызды қайта тірілту, жас ұрпақтың тамырынан қол үзіп қалмауын қадағалау міндеті тұр. Сондықтан тоғызқұмалақ, асық ату, садақ тарту, қазақша күрес үйірмелеріне сұраныс көбейген. Оқушылар сарайының ұжымы бұл бағытта белсенді жұмыс атқарып жатыр.
Жастар спорты туралы айтсақ бірінші ойға оралатыны – Шымкенттің төл жобасына айналған «Жастар лигасы». Бұл мектеп оқушылары командаларының арасында болатын спорттық жарыс. Оған спортқа қызығатын барлық оқушы қатысады. Бірнеше жыл қатарынан өтіп келе жатқан жарысқа республиканың барлық өңірлері қызығушіылық танытып отыр. Бір жағынан спорттық бәсеке оқушылардың уақытын тиімді өткізуге, дене шынықтырумен айналысып, жаман әдеттерден аулақ болуға итермелейтін күш. Жарыс соңында жеңіске жеткен командаға қомақты сыйлық тапсырылады. Осының өзі мектеп оқушыларын спортқа қызықтырып, жеңіске ұмтылдырады. Ауқымды жобаға 2021-2022 жылғы оқу жылы аралығында 151 мектептен футбол, волейбол, баскетбол, шахмат ойындарынан, яғни спорттың төрт түрі бойынша 514 команда, жалпы саны алты мыңға жуық мектеп оқушылары қатысқан болатын. Ал үшінші рет ұйымдастырылып отырған «Шымкент жастар лигасы» 2022-2023 оқу жылы аясында сол бұрынғы талапқа сәйкес қаладағы жалпы орта білім беретін мектеп оқушылары арасында өтетін болады. Сайысқа футбол, баскетбол, волейбол, шахматтан 138 мектептен құралған 514 команда, яки 5926 оқушы қатысады. Лигадағы командаларды қолдап, демейтін жарысқа қатысушы әрбір мектептен арнайы фанклубтар жасақталды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай бұқаралық спортты дамыту мақсатында кешенді бағдарлама әзірленді. Сол бағдарламаны жүзеге асыру аясында қаламызда жастар арасында ауқымды спорттық бәсекеге қолға алынды. Дені сау жас елдің келешегі. Сондықтан өскелең ұрпақтың өз Отанын сүйетін, жаудан қорғай білетін жігерлі де батыл болып өсуі мемлекет үшін өте маңызды. Спорт арқылы бірінші кезекте адамның денсаулығы күшті болады, екіншіден, денені шынықтыра отырып жастар еңбекқор, өз мақсатына қалай да жетуге тырысатын табандылы, ерік-жігері мықты азамат болып өсіп шығады. Мойындау керек, жарыста жеңіске жеткен оқушылар тек спортта ғана емес, өздерінің де мектептерінің абыройы мен беделі үшін күресті. Бүгін өзі білім алатын алтын ұя мектебінің намысын қорғаған жас жеткіншек ертең ер жеткенде елінің де намысын қорғайтын, Отанына адал қызмет ететін азамат болып қалыптасатынына сенім мол. Сондықтан бұл жарыс пен жеңістер жастардың күреске толы өмір жолындағы алғашқы қадамы болмақ» деген еді шаһар басшысы М.Әйтенов.
«Адамды азғыратын қол бостық» демекші, спортпен шұғылданған жаста оқу мен дене шынықтырудан басқаға уақыты да зауқы да болмайтыны белгілі. Сондықтан республиканың үшінші мегаполисінде қолға алынған тың бастама ұрпақ тәрбиесіне, ұлт саулығына оң әсерін беретіні шүбәсіз.
Ә.ҚОНЫСБАЙ