Қоғамдық келісім – тұрақтылықтың басты айнасы

Қысқаша

Қоғамдық келісім – тұрақтылықтың басты айнасы

 қоғамдық келісім фото.jpegШымкент  - республикадағы өзіндік айшығы бөлек, тамырын тереңге тартқан көне де заманауи сәулет өнері астасқан жаңа шаһар.

Ресми деректер бойынша мегаполисте 1 миллионнан астам халық тұрады. Оның 70 пайызға жуығы қазақтар болса, қалғаны түрлі этнос өкілдерінің үлесінде.

Түрлі себеппен қазақ даласына қоныс аударған сан алуан этностардың бүгінгі ұрпағы болашағын біздің елмен байланыстырып, тату-тәтті өмір сүріп келеді. Осы орайда 70-ден астам этнос пен 17 этномәдени бірлестіктің басын қосқан қалалық ассамблеяның қалтықыз қызметін атап өтуге болады. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті көксеген мемлекеттік саясат арқылы этнос өкілдері қаланың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өміріне етене араласады.  

Айта кету керек, Шымкенттегі 81 елді мекен мен 23  тұрғын алабында этнос өкілдері жинақы қоныстанған. Бұл ретте ассамблея жанындағы Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі секілді құрылымдар осы аумақтардағы тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, халық пен билік арасында «Алтын көпір» рөлін атқарып келеді.

Қалалық ассамблеяның құрамында кім бар десек, абыройлы ақсақалдарды, белсенді азаматтарды, этнос көшбасшыларын, білім-ғылым, мәдениет саласындағы таланттарды, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлерін атай аламыз. Жүздеген адамның басын қосқан қоғамдық ұйым шын мәнінде республикадағы саяси реформаларды қолдап, нақты іс-әрекет етуде ешкімнен қалыс қалмаған.

Олай болса, қазіргі таңда қалалық ассамблея мүшелеріне артылған негізгі міндет пен мақсат ол сапалы қызмет және «Достық үйінің» іргесі негізінде қоғамдық бірлік пен тыныштықты сақтауға барынша атсалысу. Бұл ретте аталған нысан қоғамдық жиындар мен түрлі басқосулар өтетін алаңға айналып үлгерді. Және де этнос өкілдерінің мәдени мұраларын көпшілік жақыннан біліп, тануға мүмкіндік алды. Сол үшін арнайы шағын этномузей де ашылған.   

Этнобағыттағы мәдени ұйымдар мен мемлекеттік органдар тұрақты бас қосатын «Достық үйі» жалпыұлттық бірлікті көздейтін тың жобаларды талқылап, ұтымды ұсыныстарды іске асыратын ашық алаңға айналды.   

Республика күні қарсаңында осы ғимараттан ашылған «Бірлік алаңы» 4 бағытта жұмыс жүргізіп, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық құрылымдардың қызметін ақпараттық тұрғыда қамтамасыз етуде. Ел бірлігін бекемдеуге бағытталған халықтық жобаларды талқылап,  ассамблеяның «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасын ілгерілетуге этнос өкілдерін жұмылдыруда.

Сонымен қатар, кеңсе жұмысының негізгі бір бағыты – мемлекеттік тіл саясатын тиімді іске асыру, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде ілгерілету. Бұл бағытта да көптеген жобалар қолға алынып, «Мың жүйрік», «Ұлт үні», «Тілтаным», «Мың бала», «Мен қазақша сөйлеймін» және т.б мәдени-ағартушылық жобалар жүзеге асырылды.

«Бірлік алаңында» этносаясат саласында еңбек ететін мамандардың білім-білігін арттыруға назар аударылып, елдегі саяси реформалар мен мемлекеттік саясаттың бағыттары туралы лекторий мен оқыту семинарын өткізу жоспарда бар.

Мегаполисте азаматтық бірегейлік пен жалпыұлттық бірлікті күшейту жолында жыл сайын қаншама іс-шара өтіп тұрады. Мәселен «Қазақтану» бағытында қолға алынған мазмұнды іс-шаралар этнос өкілдерін қазақ халқының маңайына топтастырған, мәдениетіміз бен тілімізді дәріптейтін игі бастамаға саналады. Осынау жобаның шеңберінде талай баланың бағын ашқан «Мың жүйрік» онлайн байқауы ұймдастырылды. Осы конкурс арқылы балалар мемлекеттік тілі мен тарихын терең меңгергенін және сүйетінін паш етті. Ал «Ұлт үні» байқауында шығармашыл этнос жастары халқымыздың төл мәдениеті мен ұлттық өнері насихаттауға жол салды. Иә осылайша шымкенттік жас таланттар өздерінің өнерлерімен ішкі бірлікті нығайтуға сүбелі үлес қосып-ақ келеді.    

Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында ассамблеяның үш басымдығының бірі ретінде құқық қорғау қызметін күшейту, этномедиацияны дамыту және оны кеңінен қолданысқа енгізуді жүктеген болатын. Сондықтан қоғамда өзара сенімді нығайту маңызды шарт болып табылады. Осы арқылы диалог мәдениеті қалыптасып, құқық қорғау қызметін жанданады. Аталған бастаманы жүзеге асыру мақсатында бүгінде тиісті органдармен жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Соның нәтижесінде, этносаралық шиеленістер мен қақтығыстардың алдын-алу бағытында профилактикалық іс-шаралар атқарылып отырады.

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен қалалық «Достық үйінің» базасында «Бірлік алаңы» коворкинг орталығы ашылды. Орталық Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес құрылды. «Бірлік алаңы» коворкинг орталығы – бірлік пен келісімнің жалпыұлттық біріктіруші құндылықтарын қоғамдық санада нығайтуға және азаматтық қоғам институттарының сындарлы диалогын орнықтыруға бағытталған. Орталық 4 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізеді. Біріншісі, қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы 7 қоғамдық құрылым мен 17 этномәдени бірлестіктердің қатысуымен тұрақты негізде брифингтер ұйымдастыру. Екіншіден, қоғам тұрақтылығын нығайтуда халықтық жобаларды іріктеу, оларға қолдау көрсету мүмкіндіктері қарастырылады. Азаматтық бастамалар, оның ішінде жастар ұсынған қоғамдық мәні бар әлеуметтік стартап жобалар қолдауға ие болады. Жан-жақты ұтымды, қоғам тұрақтылығын сақтауға тиімді жобаларды мемлекеттік салалық бағдарламалар мен әлеуметтік гранттар арқылы қаржыландыруға ұсынымдар беріледі. Солардан үздік деп танылғандарына ассамблея мүшелері серіктес меценаттар табуға ықпал етеді. Үшіншіден, «Ассамблея жастары» ұйымы шеңберінде жастардың диалог алаңын қалыптастыру, дебаттар мен пікір-сайыстар ұйымдастыру қолға алынады. Бұл бағытта қазақ халқының ұлттық тарихы, мәдениеті, салт-санасы жөніндегі іс-шаралар қткізіліп, этнос жастарына жоғары мәдени-эстетикалық, патриоттық және елжандылық рухта тәрбиелеу жоспарлануда. Төртіншіден, мемлекеттік тілді үйрету мақсатында түрлі тәсілдер бойынша семинар-тренингтер жүргізіледі. Оның ішінде этнос өкілдеріне базалық негізде қазақ тілін оқып-үйренуіне жағдай жасалады. Бұл үшін қаладағы жоғары және орта арнаулы оқу орындарымен келісім орнатылмақ. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Сондықтан оған деген қамқорлық мемлекет тұрғысында жылдан-жылға күшейіп келеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлытаудағы құрылтайда да баса айтқан болатын.

«Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет

әрқашан жоғары болуға тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып еледі. Оған қоса, әлемнің басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр», - деген еді Мемлекет басшысы.

Өзара қатынас тілі қазақ тілі болатын болған соң жастардың, әсіресе өзге этнос өкілдерінің мемлекет тілді меңгеру деңгейі жоғары болу керектігі айдан анық. Бір жағынан осынау жоспарды іске асыру мақсатында аталған коворкинг орталығы ашылып отыр. «Елу жылда ел жаңа» демекші, бүгінде қоғам өзгерген. Жастардың көзқарасы, пікірі басқа. Өз тағдырын Қазақстанмен байланыстыратын этностардың ішінде қазақша оқып үйренгісі, сөйлескісі келетін жас буын өкілдері өте көп. Оларға тиісті жағдай жасау мемлекеттің міндеті. Жоғарыда аталған коворкинг орталығы арқылы қазақ тілін дамытуға үлкен үлес қосылып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту одан сайын нығая түспек.

Ә.ҚОНЫСБАЙ