2023 жылы Шымкентте қазақ тілінде білім беретін 15 жаңа мектеп ашылғалы жатыр. Олардың құрылысын жеке инвесторлар қаржыландыратын болады. Бұл білім ошақтарында келешекте 11 мыңнан астам бала оқымақ.
Сонымен бірге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес шаһарда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша зәулім, заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес білім ошақтары пайда болады. Бұл туралы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған.
«Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек» делінген боатын Жолдауда.
Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өткен. Жиында ұлттық жобаларды әзірлеуге қатысты мәселелерді талқыланды. Соның ішінде. "Жайлы мектеп" жобасы бойынша Оқу-ағарту министрлігі тарапынан баяндама жасалды. Аталған жобаның мақсаты – мектептердегі орын тапшылығы мәселесін жүйелі түрде шешу. Оның жүзеге асырылуы 800 мың оқушыға арналған жаңа форматтағы мектептер салуға мүмкіндік береді. Баяндаманы тыңдаған Президент білім алу үшін дұрыс жағдай жасау мемлекеттің аса маңызды міндеті екенін атап өтті.
«Өкінішке қарай, бүгінге дейін көп талқыланғанына қарамастан, үш ауысымды, апатты, ескі мектептер мәселесі шешілген жоқ. Сондықтан осы ұлттық жобаның жүзеге асырылуы Үкіметтің де, жергілікті атқарушы органдардың да ерекше бақылауында болуға тиіс. Үкімет пен Есеп комитеті әрбір теңгенің көзделген мақсатқа жұмсалуын қамтамасыз етуі қажет. Әкімдер жер, инфрақұрылым жөніндегі барлық мәселені шешуі керек. Сондықтан өңір басшыларының жеке жауапкершілігін күшейту жөніндегі ұсынысты қолдаймын. Үкіметке әрбір өңірдің осындай міндеттемелерін айқындап, олардың орындалуын бақылауды тапсырамын", – деген Мемлекет басшысы.
Осы мәселе бойынша жуырда Шымкентке ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев келді. Ол 2025 жылға дейін елімізде «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында 401 мектеп салу жоспарда бар екенін айтты. Білім ұялары әлемдік үлгідегі озық мектептердің деңгейінде болады. Сонымен қатар, 7000 мектеп қайта жаңартылады. Ауыл мектептерінің мәртебесін көтеру, материалдық жағдайын қала мектебінен кем етпеу де – басты назарда. Осы мақсатта биылдан бастап ауыл мектептерінің оқушыларына арнайы республикалық олимпиада ұйымдастырылмақ
Ал Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында шаһарда 2025 жылға қарай 25 мектеп салыну көзделіп отырғанын жеткізді. Сонымен бірге жеке инвесторлар қаржысына қосымша 29 білім мекемесі тұрғызылады. Және де алдағы уақытта балабақшалар мен колледждердің материалдық-техникалық базасын заманауи стандарттарға сәйкес жетілдіріледі. Оның ішінде педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шаралар да бар.
Сондай-ақ қалалық білім басқармасы таратқан мәліметке сәйкес биыл бой көтеретін жаңа мектептер мемлекеттік-жекменшік әріптесігі аясында салынады. Және жан басына қаржыландыру бағдарламасы бойынша білім беріледі. Бұл дегеніміз білім ұялары жекеменшік болғанымен барлық шығын бюджет есебінен толтырылады. Сондықтан ата-налар қалталарынан бір тиын да шығармай, балаларын тегін оқытады. Білім ошақтарының құрылысына байланысты осы жобаны жүзеге асыру арқылы алдағы уақытта мегаполистегі үш ауысымда білім беретін мектептердің мәселесі түбегейлі жойылады.
Ресми мәлімет бойынша былтыр жан басына қаржыландыру бағдарламасымен жұмыс істейтін мемлекеттік-жекменшік әріптестігі жүйесімен салынған 41 мектеп пайдалануға берілген еді. Оларда қазір 24 мыңнан астам бала білім алып жатыр. Осы өткен жылы ғана ашылған 41 білім ошағының 34-і таза қазақ тілінде оқытатын мектеп болса, қалған жетеуі аралас мектептер.
Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы білім жүйесіндегі мына негізгі мәселелерді шешеді. Ол – үш ауысымды, апатты мектептер мен ондағы орын тапшылығы, білім ошақтарының өзі мен материалдық-техникалық базаның ескіруі, ауыл мектептерінің қаламен салыстырғанда сапасының төмендігі. Сондықтан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруға қазынадан алдағы екі жылда 2. 6 трлн. теңге бөлінеді. Оған елімізде 842 мың оқушы сиятын 401 мектеп салу көзделген.
Ә.БАЛТАБАЙ