Түркістан қызғалдақтай жайнап келеді

Қысқаша

Түркістан қызғалдақтай жайнап келеді

Screenshot_2.jpgПрезидент еліміздің туризм саласын ілгерілетуде осыған дейін де аз іс атқарылмағандығын, енді еліміздің осындай баға жетпес бай мұрасын өзге жұртқа танытудың жаңаша жолдарын ойластыруымыз қажеттігін айтты.

"Түркістан мен Отырар, Сауран мен Сығанақ, Шерқала мен Оғыланды, Берел мен Марқакөл, Баянауыл мен Қарқаралы, Шарын мен Көлсай барша жұрттың құндылығына айналуы тиіс. Қорқыт ата, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи, Бекет ата, Бәйдібек би, Бегім ана, Қабанбай батыр, Райымбек батыр, Мәшһүр Жүсіп, хакім Абай, тағы басқа көптеген дара тұлғаларымыздың есімдерін туризм арқылы кеңінен насихаттау – бүгінгі заман талабы", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында туризмге баса мән берілуде. Қалалық бизнесті қолдау және туризм бөлімінің мәліметі бойынша  киелі шаһардың туристік әлеуетін арттыру мақсатында  республикалық деңгейде іске асырылатын тарихи-мәдени мұраны сақтау бойынша ауқымды жобалар көзделген. Оның ішінде Күлтөбе қалашығының тарихи нысандарын қалпына келтіру, «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің аумағын абаттандыру, сондай-ақ «Қожа Ахмет Яссауи», «Жұма мешіті», «Есім Хан» және «Рабия Сұлтан Бегім» кесенелерін және қақпаларын қалпына келтіру жұмыстары іске асырылуда. Нәтижесінде Түркістан қаласына келушілер саны едәуір арта түспек. 

Шаһарда қазіргі таңда жеке инвестиция есебінен қонақ үйлер, демалыс орындары, ойын-сауық орталықтарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Түркістан қаласында Президент саябағы ашылды. Жалпы аумағы 40 гектарға жуық жерде орналасқан Президент саябағында тұрғындар мен қала қонақтарының тынығуына қолайлы жағдай жасалған. Мұндағы жасанды көлдің сыйымдылығы 100 мың текше метрге жуық. Мұнда қайықпен серуендеуге, су спортымен шұғылдануға мүмкіндік бар. Саябақтың ашылуына орай «Түркістан маржандары» мерекелік кеші ұйымдастырылды. Түркістанның жаңа туристік орнына арнайы келген тұрғындар мен қонақтарға Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды. 

Түркістан қаласында «Президент» саябағы және тұңғыш рет жағажай ашылып, балаларға арналған түрлі ойындар ұйымдастырылды. Сонымен бірге көпшіліктің қатысуымен түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұсынылып, байқаулар өтті. Су айдынында желкенді қайықтар жүзіп, облыстың ескек есушілері өз шеберліктерін көрсетті.