Еліміздің қаңтар-шілде айлары арасындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын қарау барысында Шымкент қаласында барлық көрсеткіш бойынша оң динамика қалыптасқан. Бұл жөнінде Премьер-Министр Ә.Смайылов жуырда Үкімет отырысында мәлім етті.
Нақтырақ айтсақ, өнеркәсіп өнім көлемі 507,5 млрд теңге болып, нақты көлем индексі 108,4 пайызды құрады. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі – 109,6 пайыз болып отыр. Инвестиция көлемі 219,1 млрд теңге болып, 28,6 пайызға артты. Оның ішінде, мемлекеттік бюджеттен – 52,6 млрд теңге, жеке көздерден – 166,5 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарының көлемі 76,7 млрд теңге немесе 120,5 пайызды құрады. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 371,8 мың шаршы метр немесе 115 пайыз болды. Жалпы сауда көлемі 946,1 млрд теңге болып, нақты көлем индексі 9,8 пайызға артты. Жалпы көлік көлемі 158,5 млрд теңге болып, 107,2 пайызды құрады. Байланыс қызметі 4,8 млрд теңгені немесе 104,7 пайызды құрады.
Үкімет отырысында айтылған деректер бойынша бір ғана мысалды байланыс қызметінен келтіре кетелік, Шымкентте өткен жылы интернет сапасы төмен 14 елді мекенге базалық станция орнатылса, биыл 12 елді мекенді қамту жоспарланған. Қазіргі таңда бірқатар елді мекенде базалық станцияларды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, мамандар Қайтпас- 1 және Құрсай шағын аудандарында оптикалық желі арқылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамту жұмыстарын жүргізді. Қазіргі таңда Құрсай шағын ауданы оптика желісімен толық қамтылып, тұрғындар сапалы интернетті қолдануда. Қайтпас-1 шағын ауданындағы Академия, Ғалымдар, Жаскент, Ақ қайнар көшелеріне оптика желісі тартылды. Ал Көркем, А.Түзелбаев, Астық көшелеріне магистралды желі кабельдері тартылып, үйлерді серверлік порттарға қосу жұмыстары аяқталуға таяу. Жоспарға сай, қыркүйек айына дейін жалпы 80 көше толық оптика желісімен қамтылып, аталған елді мекен тұрғындары сапалы интернетке қосылуға мүмкіндік алады. Құрылыс жұмыстарының көлемі 76,7 млрд теңге немесе 120,5 пайыз құрағаны да тарқата әңгімелеуге боларлық дерек.
Қалада қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарының бір бөлігі – мектеп салу. Бүгінде мектептегі орын тапшылығын болдырмау және білім беру инфрақұрылымын дамыту мақсатында, Шымкент қаласының 2025 жылға дейінгі кешенді даму жоспарының аясында 86 мыңнан астам орынға арналған 101 мектеп салу жоспарланған. Соның ішінде өткен 2021 жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп (оның 4-еуі мемлекеттік және 21-і жекеменшік) пайдалануға тапсырылған. Ал биыл Шымкент қаласында 34 мектеп салынуда. Оның 10-ы өткен жылдан өтпелі нысандар болса, қалған 24-інің құрылысы биыл басталған. Жыл соңына дейін 11 703 оқушыға арналған 24 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Мұның 20-сы жеке инвесторлардың есебінен салынып жатқан метептер.
Қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуына қарағанда, биыл үш ауысымды мектептер саны 9-дан 5-ке төмендейтін болады. Жалпы үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал, орын тапшылығына қатысты проблемаларды 2025 жылға дейін толығымен шешу жоспарланып отыр. Ол үшін 2023 жылы – 17 мектеп, 2024 жылы – 24 мектеп және 2025 жылы 19 білім ұясы салынып, пайдалануға беріледі. Сондай-ақ Шымкент қаласында жаңа мектептерді салумен қатар, ескі ғимараттарды күрделі жөндеуден өткізіп, оларды заман талабына сай қайта жабдықтау да басты назарда. Мысалы, мегаполисте өткен жылы білім беру саласындағы 4 мекемеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Биыл 5 білім беру ұйымының ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жұмыстарға мемлекеттік бюджеттен 2 милиард 372 миллион 800 мың теңге қаржы қаралған. Мұнан бөлек тағы 4 білім беру ұйымының ескі ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Тағы 20 мекеменің жобалық-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту үшін білім беру ұйымдарын спорт залдары және спорт алаңшаларымен қамтамасыз ету бойынша биыл 6 мектепке спорт алаңшаларын орнатуға 249,1 миллион теңге, сондай-ақ, 2022 жылға мектептерді жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 2 миллиард 556,9 миллион теңге қаржы қаралған. Бұл қаржыға жалпы 372 кабинет (12-химия, 26-физика, 10-биология, 10-STEM, 49-АӘД, 121-медиация, 122-логопед, 22-робототехника) және 610 дана жабдықталған интерактивті панельдер орнату көзделген. Білім басқармасының мәліметінше, биыл мектептердегі жаңа модификацияланған жабдықтармен қамтылған пән кабинеттерінің үлесі 68 пайыздан 72 пайызға артады.
Жастардың да үлесі қомақты
Үшінші мегаполистің даму көрсеткіштерінде оң динамиканың қалыптасуына жастардың да қосқан үлесі айтарлықтай. Олай дейтініміз, қала тұрғындарының саны 1 миллион 200 мыңға жуықтаса, оның 30 пайызын жастар құрап отыр. Яғни біз жоғарыда мысал ретінде келтірген байланыс немесе құрылыс саласында жұмыс істеп жүрген жастар жетерлік. Осы орайда жуырда халықаралық жастар күніне орай Шымкент қаласында Жастар ресурстық орталығы «Жастар – ел болашағы» атты іс-шара өткізгенін айта кетелік. «Еліміздің гүлденіп, қарыштап дамуы үшін жастардың тың идеялары, алғыр шешімдері, оң бастамалары қажет. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Біз жастардың өмірден өз орнын табуына, түрлі дағдыларды игеруіне қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз», – іс-шараға қатысқан Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов.
Шымкентте жалынды жастарға тың серпін берген жобалар көп. Сол жобалар негізінде жастардың бір легі жұмыспен қамтылса, енді бір легі өз идеяларын жүзеге асыруда түрлі деңгейдегі гранттарға ие болуда. Мегаполисте дарынды жастарға даңғыл жол ашылып, өз мүмкіндігін толық пайдалануға бар жағдай жасалған. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланған дарынды жастың бірі – бүгінде еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазып жатқан Berenmotors компаниясының басшысы Нұрсұлтан Сейсембаев. Ол Ұлыбританияда білім алып, инженер атанған. Дәстүрлі автокөліктердің қозғалтқышын электрлі батареяға алмастырып, микрочиптер орнатып, электромобильге айналдырумен айналысып жүрген оның алғашқы жобасы да дайын. «Жанармаймен жүретін көліктердің өмірі ұзаққа бармайды. Бүгінгі күннің өзінде әлемдік автомобиль өндірушілер электр көлігіне біртіндеп көшіп жатыр. Электр қозғалтқышының тиімділігі – 95-98 пайыз. Шетелден жаңа электркөліктер әкелу тиімсіз болып тұр. Сондықтан кәдімгі үйдегі электр розеткілері арқылы қуаттай беретін біздің жобамыз тиімді», – дейді жас өнертапқыш. Электр көлігінің батареясын қуаттауға 10-20 кВт электр энергиясы кетеді деп отырған Нұрсұлтан жанармайға қарағанда электромобильмен жүру әлдеқайда арзанға түсетінін дәлелдеуде.
Сондай-ақ мегаполисте жастарды қолдауға негізделген «Жастар бағдарламасы» жобасы нәтижелі жүзеге асырылуда. Негізінен 29 жасқа дейінгі жастарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған осы бағдарлама арқылы былтыр шымкенттік 300 жас пәтерлі болды. Биыл 857 жас тұрғын үймен қамтылмақ. Ал «Шымкент жастар лигасы» жобасы еліміздегі ең сәтті жобалардың бірі ретінде мойындалғанын айта кету керек. Жыл сайын өтіп тұратын бұл жоба аясында қала мектептері арасында өтетін спорттық сайысқа жыл сайын 500-ден астам команда, 6 мыңнан астам оқушы қатысуда. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларды спортқа баули отырып, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту мақсатында ұйымдастырылатын жобаға өзге өңірлерден қызығушылық артып отыр. Шымкенттің жастары еріктілер сапында да көш бастап тұр. Мегаполисте қазір 10-нан аса волонтерлік ұйым жұмыс істейді. Әсіресе, ASАA жастар қоғамдық бірлестігі, «Ізгілікте жарысайық», «Харекет» қайырымдылық қоры, Меyirim.kz қайырымдылық электронды порталы, «Жігер» салауатты өмір салтын қолдау қоғамдық қоры, «Жасыл ел» еңбек жасақтары жастар арасында үлкен сенімге, абыройға ие. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бастамасымен өткен жылы әр ауданда құрылған жастар орталығы да оң септігін тигізуде. Мысалы, Қаратау ауданында 60 мыңнан аса жас бар. Шымкент қаласы әкімдігінің хабарлауынша, Қаратау аудандық жастар орталығы бір мезетте 100-150 жасқа қызмет ете алады. Орталықтың өз ғимараты да бар. Онда арнайы психолог кабинеті жұмыс істейді. Жастардың бос уақытын өткізетін COWORKING алаңымен қамтылған. Заманауи құрал-жабдықтары да бар. «Ашылғанына көп бола қоймаса да орталық 150-ден астам іс-шара өткізді. Жастар арасында танымал тұлғалармен, аудан әкімі, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдерімен жиі кездесулер ұйымдастырылады. Мұның өзі жас буынға жігер береді деп сеніммен айта аламыз. Мемлекетіміздің, ел ағаларының жастарға деген қамқорлығы бізді алға жетелейді. Біз де күш-қайратымызды, білім-білігімізді елдің игілігіне жұмсап, аянып қалмақ емеспіз», – дейді Қаратау аудандық жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бекзат Төлебай.
Иә, халқы еңбекқор, жастары белсенді, іскер, дарынды қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы да қарқынды.