Киелі орындарға саяхат. Шымкенттен бастау алады

Қысқаша

Киелі орындарға саяхат. Шымкенттен бастау алады

Screenshot_2.jpg

Шымкент қаласында туризм сұранысқа қарай бірнеше бағытқа бөлінген. Мәселен кейбіреулер сокралды яғни киелі орындарға барғанды қалайды. Осы ретте туризм және сыртқы байланыстар басқармасы Өзбекстан Республикасымен туристік байланыстарды жандандырып жатыр. Мәселен, Малайзия, тайланд елінен Өзбекстанның тарихи жерлерін аралауға жыл сайын миллиондаған турист келеді екен. Өз кезегінде жергілікті әкімдік сол саяхатшыларды бізге қарай бұру мақсатында жұмыс істеп жатыр. 

Сол үшін де киелі орындарға саяхат Оңтүстіктен бастау алады деген ұғымды қалыптастыру бағытында тиісті жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, Қожа-Ахмет Яссауи бабамыздың кесенесі Түркістан қаласында орналасса, оның ата-анасы Ибрагим ата мен Қарашаш ананың қабірі Шымкент қаласына кіретін Сайрам тұрғын алабында. Яғни зиярат етушілердің көбісі алдымен Сайрамға келеді, сосын бабамыздың ұстазы Арыстан бабқа барады, содан соң Түркістанға жол тартады. 

Әкімдік өз тарапынан өзбек ағайындарға осы сокральді туризмді бірге дамыту бойынша ұсыныс беріп отыр. Мұндағы мақсат егер туристер тарапынан қызығушылық болып жатса, Шымкент қаласында балама ретінде саяхаттау нысаны ретінде ұсыну. Осыған байланысты басқарма зиярат етушілерге барлық жағдайды жасауға дайын. Мәселен тегін гид беріледі. Осы арқылы шетелден келетін туристер ағымын көбейтуді жоспарлап жатыр. 

Одан бөлек те туристердің саяхаттау нысанына байланысты әртүрлі сұраныстары болады. Оған айталық экстремалды туризмді жатқыза аламыз. Осы ретте қала іргесінде Бүркіт спорт ұйымы қызмет көрсетеді. Ол жерде мәселен, парашютпен секіруге болады. Сонымен бірге картинг айдау. Сондай-ақ қала ішін аралау, балалар туризмі секілді бағыттар бар. 

Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап туризмді дамыту бағытында елімізде арнайы бағдарлама іске қосылды. Ол бойынша егер сіз Қазақстан ішінде кемінде 5 күн саяхат жасайтын болсаңыз және өзіңізбен бірге балаларыңызды алып жүрсеңіз, 17 жасқа дейінгі барлық балаңызға да әуе билеттері тегін. Бірақ сіз бүтін туристік маршрут сатып алуыңыз керек. Мәселен, Шымккентке келсеңіз, кемінде 5 күн түнеу керексіз. Жататын қонақүй, баратын нысандар туристік оператор арқылы белгіленеді.  Мәне осы кезде ғана мемлекет әуе билетіне субсидия жасап береді. Сондықтан басқарма осы бағдарлама арқылы келетін туристердің балаларына арнап қазір балаларға қызықты нысандарды әзірлеп жатыр. 

Шымкентте сонымен қатар, медициналық туризм де ерекше қанат жайып келеді. Мәселен, осы күні жан-жақтан, тіпті шетелдерден Шымкентке келіп емделуді қалайтын науқастар саны арта түскен. Жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу, онкологиялық кеселдермен күресу, басқа да күрделі оталар жасау, соның ішінде трансплантология бойынша республиканың үшінші мегаполисі оқ бойы озық келеді. Медициналық туризмнің жарнамасын күшейту мақсатында бүгінде арнайы буклеттер әзірленген. Онда Шымкентте медицинаның қай саласы ерекше дамығаны, тіпті сол салада қандай білікті дәрігерлер бар екендігі туралы нақты мағлұматтар берілген. 

Білім туризмін де ерекше атап өтуге болады. Осыған сәйкес қазіргі уақытта шетелдермен тығыз байланыста жұмыстар қолға алынып жатыр. Мысалы үшін Шымкенттегі медициналық жоғары оқу орнында бүгінгі таңда 1200-ден астам үндістандық студенттер оқиды. Сонымен бірге басқа да оқу орындарында әртүрлі елдерден келген шетелдік студенттер білім алуда. Осы қарым-қатынасты ілгерілету мақсатында білім туризмін дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр.  Көбінесе шетелдік студенттерді Шымкенттегі оқу орындарының бағасы мен осындағы жайлы орта қызықтырады. 

Қалада туристерді жайғастыратын 140 орналастыру орны бар. Оның 28-і қонақүй. Шымкент бір күнде он мыңға жуық саяхатшыны қабылдай алады. Халықаралық стандартқа сәйкес бес жүлдызды «Риксос Хадиша» қонақүйін айрықша атап өтуге болады. Одан бөлек «Қайнар» қонақүйі де қазақстандық стандарт бойынша бес жұлдызды қонақүй санатына жатады. Сондай-ақ төрт, үш, екі жұлдызды және санаты жоқ қонақүйлер де бар.  

Шымкентте туризмді өркендетудің, алдағы даму бағыттарын айқындайтын тұжырымдамасы әзірленіп, ол таяу уақытта жергілікті әкімдік тарапынан бекітілетін болады.  Тұжырымдама қаланың туристік әлеуеті жан-жақты сараланады. Соның ішінде туристік инфрақұрылымды қолға алу бойынша жоспарлар белгіленеді. Мұндағы басты мақсат Шымкентке қыдырып келген туристің қалада аралап көретін мәдени-танымдық, серуен құратын қызықты орындары көп болуы қажет. Мегаполис республиканың оңтүстігінде орналасқандықтан қалада шуақты күндер көп болады. 

Ескеретін бір жәйт, Өзбекстанға келетін ең көп туристердің ішінде Қазақстан бірінші орында тұр екен. Ал біздің елімізде ресейлік туристердің басқалардан қарағанда саны басымдау. Сосын Өзбекстан мен Түркия елдерінен келетіндер саны көп. Ресми статистикаға көз жүгіртсек, өткен үш айда Шымкентке саяхаттаған азаматтар 94 мың адам болған. Алты айлық көрсеткіш бойынша 214 мың адам мегаполиске турист ретінде ат ізін салған. Мәліметті тарқата түссек, осы алты айдағы туристердің 14 мыңы шетелдіктер болды. Қалғанын ішкі туризмнің үлесі алып отыр. Яғни Шымкентке саяхат жасайтындардың басым бөлігі республиканың түкпір-түкпірінен келетін өзіміздің отандастар. 

Сондай-ақ төрт халықаралық әуе рейсі арқылы Мәскеумен, Түркияның екі қаласы Анталья мен Стамбұлмен және Грузияның Кутаиси қаласымен тікелей байланыс орнатылған.  Ендігі жерде Анкара қаласына бесінші тікелей әуе рейсі ашылғалы отыр.  Сонымен бірге чартерлік рейстер арқылы Египет, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірліктері елдерімен де туристік байланыс нығайып жатыр. 

Шымкентте бір миллионнан астам халық тұрады әрі тұрғындар қалада өте тығыз орналасқан. Ал мегаполистің 500 шықырым айналасындағы халық саны 5 миллионға жетеді. Мың шақырым радиуспен есептесек халық саны 10 миллионға шығады. Оның ішінде Ташкент қаласының да тұрғындары бар. Жергілікті әкімдік туристік белсенділікті арттыру үшін осыншама халықты қызықтыратын республика көлемінде ең ауқымды аквопарк салуды ойластырып отыр. Осыған байланысты Бадам суқоймасы маңынан арнайы жер аумағы айқындалып, оған баратын айналма жол салынып жатыр. Енді жаңа аквопарктің тұжырымдамасы әзірленеді. Ол бойынша аквопаркте қонақүйлер, отбасымен демалып, көңіл көтеретін орындар, балалар ойнайтын аттракциондар, түрлі сауда орталықтары болуы шарт. Қосымша инженерлік-коммуникациялық жүйелерге қосылатын нүктелер анықталды. Ендігі қалғаны әлеуетті инвесторды табу. Егер инвестор аквопарк жобасын қолға алуға келісімін беріп жатса, әкімдік те өз тарапынан тиісті деңгейде қолұшын беруге әзір. Бүгінгі таңда жобаны бастап кетуге 3-4 инвестор дайын отыр. Сонымен бірге әкімдік жергілікті кәсіпкерлермен де тиісті келіссөздер жүргізіп жатыр. 

Одан бөлек қаладан туристік нысандарға баратын жол сілтегіштер қойылады.  Және де Сайрам тұрғын алабынан 4 ақпараттық табло орнатылады. Таблода туристке керекті бүкіл мәліметтер жарияланады. Мәселен, турист осы нұсқамадан қай жерде жақын аурухана, полиция бекеті және сейіл құратын немесе зиярат ететін қасиетті орындар бар екенін оқып біле алады.  

Бүгінгі таңда қаланың Шымкент сити аумағынан халықаралық деңгейдегі брендті 2 қонақүйді салу бойынша және брендті қонақүйлерді мегаполиске тарту жағынан тиісті жұмыстар қолға алынуда. 

«Туризмді ілгерілетудің бірден-бір көмекшісі ол маркетинг, яғни жарнама. Өз мүмкіндігін басқа біреулерге көрсете алған кәсіпкер сырттан туристерді өзіне шақыра алады. Егер әлеуметтік желілерге видеомен көрікті бір жердің қандай керемет екендігі көрсетілсе, адамдар шынымен сонда баруға талпынады. Сондықтан маркетинг, жарнамалау туристік салада өте үлкен рөл ойнайды. Өйткені адам жақсы бір жерді алдын көріп, естімеген болса, оны қайдан білсін. Сондықтан алдын ала жасалған жоспарымыз бойынша шетелдегі және барлық ішкі туризм бағытындағы туроператорларға біздің әлеуетімізді көрсететін әртүрлі жарнамалық өнімдер ұсынамыз. Олар соны өздерінің тұтынушыларына жеткізіп, нәтижесінде Шымкент қаласында туристерге арналған қандай көрікті нысандар бар екенін жұрт біліп жүретін болады» дейді Шымкент қалалық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ерлан Қыдыров.

Шымкент қаласы мен Түркістан облысының туристері бір-біріне өте жақын,   ал қала мен облыстағы туристік нысандар екеуіне де ортақ дүние болғандықтан басқарма аталған өңірмен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізуде. Сондықтан Сарыағаш секілді бүкіл елге танымал шипажайлар жарнамасы Шымкентте де жасала береді. Ресми дерек бойынша бір турист Шымкентте 35 мың теңге жаратады. Сонда жоғарыда айтылған 6 айлық көрсеткіш бойынша Шымкентке келген 214 мың туристер санын 35 мың теңгеге көбейтсек, 7.4 млрд теңге болады.  Туристер ең кемі қалада 1 күннен 5 күнге дейін саяхаттайды. Сонда орта есеппен 2 күнді алсақ, жарты жылда қала экономикасына 14 млрд теңгеден астам табыс кіріп тұр. Ол тікелей бюджетті толтырмаса да осы салада қызмет көрсетіп жатқан қонақүй, такси, ойын-сауық орталықтары секілді кәсіпкерлік нысандардың пайдасына кенелді. Дей тұрғанмен олардан алынатын салық есебінде бюджеттің де бүйірі томпаятыны анық. Сонымен бірге бүгінгі таңда туризм саласында отыз мыңға жуық адам еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр.