«Shymkent» Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы – бұл мемлекеттік орган мен бизнес арасын жалғап жатқан «алтын көпір». Ұйым қызметінің басты мақсаты – бизнес бастамаларды қолдап, мемлекеттік-жекешелік әріптестік қағидаттары бойынша Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосу.
Аталған ұйым Шымкент қаласының инвестициялық белсенділігін арттырушы аймақтық институт болып саналады. Қаланың инвестициялық тартымдылығын күшейту мақсатында ұйым өзінің негізгі қызметінің бағыттарын айқындап үлгерді. Соның ішінде ӘКК көңіл бөлетін басты бағыт ол Шымкент қаласындағы тұрғын үй құрылысы.
Бүгінгі таңда ұйымның инвесторламен бірлескен іскерлік портфелінде 440 млрд теңгені құрайтын 61 жоба бар. Оның 35 жобасы көпқабатты тұрғын үй құрылысының саласына тиесілі. Осы жобалардың нәтижесінде алдағы 5 жылда 1 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда.
Осы орайда ӘКК мамандары инвесторларды көпқабатты тұрғын құрылысын, сонымен бірге емхана, мектеп секілді әлеуметтік нысандар салуға шақырып, тиімді ұсыныстарымен қызықтыруда.
Қаладағы қарқын алған құрылыстың мысалы ретінде жаңадан бой көтеріп келе жатқан Шымкент сити шағын ауданын айтуға болады. Онда ӘКК және инвесторлармен бірлескен тұрғын үй құрылысы бойынша 10, ал мектеп құрылысына қатысты 3 жоба жүзеге асуда. Аталған жобаларды қолға алу арқылы келешекте 40 мың шаршы метр тұрғын үйді және 2900 оқушыға арналған 3 мектепті пайдалануға беру көзделіп отыр.
Бүгінде бұл нысандардың құрылысы құрылыс нарығында әбден танылған «BI group», «Отау-Строй», «OKS», «Орда Строй групп» және тағы сол секілді басқа да мердігер компаниялардың қатысуымен жүргізіліп жатыр.
Осылайша көптеген жылдар бойы идея күйінде қалып келген «Шымкент сити» жобасының бойына қан жүгіріп, бұл шағын ауданда құрылыс жұмыстары қарқын ала бастады.
Сонымен қатар, Шымкент қаласы мегаполис атанған соңғы 4 жылда барлық қаржы көздері есебінен 579 млрд теңгеге құрылыс жұмыстары атқарылды. Қала бойынша биылғы орындалатын құрылыс жұмыстарының көлемі 162,1 млрд теңгеге тең келіп отыр. 2022 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша 30,3 млрд теңгеге құрылыс атқарылған. Бұл өткен жылға қарағанда 103,4 пайызға артық. Бүгінгі таңда қаламыздағы Тұран, Бозарық, Шымкент сити шағын аудандарында және әкімшілік-іскерлік орталығында көпқабатты үйлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Айталық, ӘКК Shymkent Invest департаменті арқылы инвестиция тартып, жобаларға жетекшілік жасайды. Осы күнге дейін департамент жеке кәсіпкерлердің қатысуымен бірге жалпы инвестиция сомасы 66,4 млрд. теңгені құрайтын 17 меморандумға қол қойды.
Бүгінгі таңда ұйым алдында жалпы көлемі 200 млрд.теңге болатын инвестициялық жобалардың «1-инвест» статистикалық есептілігін тапсыру міндеті тұр. 2022 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша жоғарыда көрсетілген индикатор 62,1 млрд. теңгеге орындалған.
Шымкент қаласында жұмыс істеп тұрған 3 индустриялық аймақ бар. Олар «Оңтүстік», «Тассай» және сауда – логистикалық аймағы. Сондай – ақ жаңадан «Жұлдыз» ИА мен «Бозарық» агроиндустриялды аймағы іске қосылып жатыр. Бұлардың барлығы да ӘКК бақылауындағы кәсіпкерлік алаңдары.
Мәселен 2010 жылы ашылған «Оңтүстік» индустриялды аймағының инфрақұрылымын жүргізуге 6,9 млрд теңге жұмсалды. Осы күнге дейін жалпы құны 62,9 млрд теңге болатын 75 инвестициялық жоба іске асырылып, 2 512 жұмыс орны құрылды. Биыл 23,9 млрд.теңгенің 5 инвестициялық жобасы қолға алынып жатыр. Нәтижесінде екі жүзден астам жаңа жұмыс орындары пайда болады. Бүгінде «Оңтүстік» ИА аумағы жүз пайызға толды. Осы кезге шейін индустриялды аймақтағы кәсіпорындар тарапынан мемлекеттік қазынаға 25.2 млрд теңге салық төленді.
Сондай-ақ 2016 жылы жалпы ауданы 89 гектар болатын «Тассай» индустриялық аймағы құрылды. Оның инфрақұрылымына бюджеттен 1,06 млрд теңге бөлінді. 35 млрд. теңгенің 22 инвестициялық жобасы іске қосылып, 1625 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, қазіргі таңда 12,9 млрд.теңгеге 18 жаңа инвестициялық жоба іске асырылуда. Осы жылы 9 жаңа кәсіпорын жұмысын бастайды. Соның нәтижесінде 935 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады. «Тассай» индустриялық аймағы да өндіріс орындарымен толықты. Бюджетке түскен салық көлемі 6,45 млрд теңгеге жетті.
Мегаполисте 92 гектар аумаққа орналасқан «сауда-логистикалық аймағының» инфрақұрылымын тартуға мемлекет есебінен 1,7 млрд теңге қаражат кетті. 24,5 млрд. теңгеге 3 инвестициялық жоба іске асырылды. Қазір мұнда шамамен 185 адам жұмыс істейді. Сонымен қатар, онда 19 млрд теңгені құрайтын 5 жаңа инвестициялық жоба қолға алынып жатыр. Жобалар толық іске қосылғанда 500-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.. Ал бюджетке түскен салық көлемі 820 млн теңгеге жетіп отыр.
2021 жылы Шымкентте 306 гектар аумаққа созылған «Жұлдыз» индустриялды аймағы құрылды. Келесі жылы 3,3 млрд теңге болатын 6 жоба іске қосылады. Және 400-ден астам жаңа жұмыс орындары құрылады. Мұнымен қоса 2022-2026 жылдар аралығын қамтыған 230 млрд теңге көлемінде инвестиция құятын 50 компанияның жобалар пулы дайындалды.
«Жұлдыз» индустриалды аймағында 2025 жылға қарай өндіріс көлемі 5% - ға ұлғайып, 20 млрд теңгеден астам салық түседі деп күтілуде. Индустриялды аймақ аумағы 25% - ға толып тұр. Өз кезегінде 2023 жылы тамақ өнеркәсібіне арналған «Бозарық» индустриялды аймағын құруға жалпы ауданы 132 гектар аумақта инженерлік-инфрақұрылымдық желілер тартылатын болады.
ӘКК жетекшілік ететін Тұрақтандыру қоры «Шымкент қаласындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы» Шымкент қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы №801 қаулысына сәйкес қызмет атқарады.
Жалпы 18 кәсіпкерге 5,8 млн теңге қарыз берілген. Аталған кәсіпкерлер мегаполистегі 40-тан аса сауда нүктелерінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын нарықтық бағадан төмен бағада сатылымға шығаруда.
Сонымен бірге жоғарыда аталған департамент өз қызметі шеңберінде әлеуметтік зерттеулер, қаланы жайлы етуге жетіспейтін жатқан сервистер тұрғысынан тұрғындарға сауалнама жүргізу, сондай-ақ салынып жатқан тұрғын үй алаптарындағы аулалар мен гүлзардарды абаттандыру жұмыстарын жүргізеді.
Үшінші мегаполистің инвестициялық ахуалын жақсарту мақсатында 2020 жылғы мамырда «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ базасында инвесторлар мен кәсіпкерлерді сүйемелдеу мен кеңес беру үшін Фронт - офис құрылған болатын. Бұл кеңсе «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетеді, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді жою, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру және жетекшілігіне алу бойынша көмектер ұсынады.
Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы 2021 жылдың қорытындысы бойынша қалалық әкімдігі тұлғасындағы жалғыз акционерге төлеген дивидендтер соммасы – 2 088 701 000 теңгені құрады.
Корпорация басшылығы осы жылдар аралығында атқарылған жүйелі жұмыстар нәтижесі түрлі жобалардың жүзеге асуына, Шымшаһардың көркеюіне, бизнес бастаушылардың істерінің жандануына оң ықпалын тигізгенін айтады. Осы ретте ӘКК қашан да ашық және қаланың әлеуметтік міндеттерін шешуге бағытталған жобаларды бірлесіп іске асыруға дайын екендіктерін жеткізеді.
Өз кезегінде халыққа жеңілдетілген несие беретін «Атамекен» микроқаржы ұйымы, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік салаларды қаржыланыдыратын «Шымкент - Қайырымды қала» корпоративтік әлеуметтік даму қоры, шаһардағы тұрақты жолаушы тасымалын ұйымдастырушы ең ірі автобус парктерінің бірі «Shymkent Bus» ЖШС және «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы ӘКК-нің еншілес компаниялары саналады.
Ресми дерек бойынша 2018-2021 жылдары Шымкент қаласында барлық инвестиция көздерінен 2 624,5 мың шаршы метр үй пайдалануға берілген. 2022 жылғы жоспарда 1 060 мың шаршы метр үйді ел игілігіне тапсыру көзделуде. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде бюджет есебінен 239 мың шаршы метр баспана салынуда. Жыл басынан бергі қаңтар-мамыр аралығында жеке инвестиция көздерінен халыққа 181 мың шаршы метр үй үлестірілген. Былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда үй құрылысының көрсеткіші 44,5 пайызға өскен.