Үкімет: Жүк тасу қызметінің ақысы 2 есе төмендейді

Қысқаша

Үкімет: Жүк тасу қызметінің ақысы 2 есе төмендейді

Screenshot_1.jpg

Бүгін Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында кеден саласындағы мәселелер қаралды.

Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Кедендік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ҚР қаржы бірінші вице-министрі М. Сұлтанғазиев баяндады. 

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда ҚХР-мен шекарадағы «Алтынкөл» және «Достық – Теміржол» теміржол өткізу пункттері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. 

«Қазіргі таңда 5 автожол өткізу пунктінің 4-і ашық және жүктерді қабылдап жатыр. “Қалжат” өткізу пункті бүгінде эпидемиологиялық ахуалға байланысты ҚХР жағынан жабық тұр. Тараптар Қалжат-Дулаты қызметін қайта бастайтын нақты күндерді келісіп жатыр», — деді ҚР қаржы бірінші вице-министрі. 

Үкімет ҚХР-дан ҚР-ға «Нұр жолы» өткізу пунктінде жүктерді ауыстырып тиеу мәселесін шешті, ал электрондық кезек ретке келтіріліп жатыр. Бұл орайда жүк тасу қызметінің ақысы 2 есе төмендейді. 

Кеңес барысында ҚР Премьер-Министрі қазіргі жағдайға байланысты туындайтын және болуы ықтимал сын-тегеуріндерге жедел ден қою қажеттігін атап өтті. 

Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың келесі отырысы 9 наурызда өтеді.